Алматы: Мемлекеттік рәміздер күніне арналған спорттық шара өтті (ФОТО)
Бүгін Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күніне орай, Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен қаласы мешіттерінде «Асыл мұра» бағдарламасы аясында жамағат арасында спорттық шара өтті.
Бұл игі шараға Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан мен Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Көшеке Ерғали арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Бас имам өз сөзінде еліміздің әрбір азаматы мемлекеттік рәміздерді құрметтеп, қорғау керектігін ескертіп, жамағатты отансүйгіштікке шақырды. Сондай-ақ, ардақты Пайғамбарымыздың «Отанды сүю – иманнан» деген хадисін тілге тиек етіп, мәңгілік елдің іргесін қалайтын жастарға адамгершілік пен адалдықтың, аманат пен ар-ұяттың бағасын ұқтыратын тәлімді уағызын айтты.
Дін істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Көшеке Ерғали жамағаттың ынтымақ-бірлігін арттыратын шараның маңыздылығына тоқталып, спорттық ойындарға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бірлік пен ынтымақты насихаттау мақсатында ұйымдастырылған айтулы шара 8000 қатысушының басын қосты.
Алматы тұрғындары мен қонақтары спорт түрлерінен бақ сынасты. Атап өтсек, жиналған халық асық ату, гір көтеру, арқан тарту, қошқар көтеру, мини-футбол, қол күресінен мықтыны анықтады. Өткізілген спорттық шаралар барлық қатысушыларға мерекелік көңіл-күй мен естен кетпес күн сыйлады.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне мерекелік шара ұйымдастырушыларының атынан сыйлықтар табысталды.
Айта кетсек, қошқар көтеруден жеңімпаз атанған Алмас Мұхамметулла (Мырахмет мешіті) 35 келілік қошқарды 131 мәрте көтерді. Таугүл мешітінде қол күресінен Ринат атты қала тұрғыны чемпион атанды, ал гір көтеруден Сартанбеков Саламат 16 келілік темірді 70 рет көтеріп, ел ықыласына бөленді.
Али Мухаммед мешітінде мини-футболдан өткен жарыста «Сұлтан Корған» командасы бірінші орынды иеленді, «Ансар» екінші, ал «Бүркіт» командасы үшінші орын алды.
Сайыстан кейін, дәмді палау мен сусындар мың адамға таратылды, ал балаларға батут қалашығы орнатылды.
Алматы орталық мешітінің баспасөз қызметі