Алматы: Зираттарға тазалық жұмыстары жүргізілді (ФОТО, ВИДЕО)
Бүгін ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен және «Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығының ұйымдастыруымен еліміздің барлық өңірінде зират маңына тазалық жұмыстары жүргізілді. Оған ҚМДБ-ға қарасты 19 өкілдікпен қатар Алматы қаласы мешіттерінің дін қызметкерлері және мешіттердің ерікті жамағаты «Өткенге құрмет – ұрпаққа міндет» атты шара аясында сауапты іске жұмыла кірісті.
Алматы орталық мешітінің ұйытқы болуымен ұлт зиялылар мен ел ардақтылары жатқан «Кеңсай» қорымы басында өткен игі шараға Алматы қаласының Бас имамы Төлеби Оспан, ҚМДБ Діни істер жəне талдау бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Есмағанбет, Ерсін қари Әміре, Алмалы және Медеу ауданының бас имамдары арнайы қатысты. Алдымен Бас имам Төлеби Оспан қасиетті Құран аяттарын оқып, дұға жасады.
Бүгінгі шарада қала бойынша Алғабас, Әлмерек ауылдары, Маяк, Тау-шапай, Алатау ықшам аудандары, Айнабұлақтағы «Сұлтан-қорған», Қалқамандағы «Дружба», Райымбек даңғылындағы «Орталық зираты» және Кеңсай, Заря Востока мазарларына тазалық жұмыстары қызу жүргізілді. Жалпы қаладағы 8 ауданның мешіт қызметкерлері мен ерікті жамағаты атсалысқан шараға 230 адам жұмылдырылып, 10 зиратты тазалап 8,5 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Айта кетейік, жыл басында Бас мүфти бастамасымен марқұмдардың басына белгі қойып, мазар салуды бірізіділікке түсіру мақсатында «Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығы құрылып, Имамдардың IV республикалық онлайн форумында «Зират және зиярат мәдениеті» құжаты қабылданған болатын. Бүгінде ел мешіттерінің имамдары аталмыш құжатты жұртшылыққа насихаттап, ысырапшылдықтан аулақ болуға үндеп жүр.
«Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығының директоры Камалжан Тұрдыбаевтың айтуынша, Діни басқарма ұсынған құлпытастағы марқұмның суретінің орнына QR-код қосылды. Яғни кез келген смартфон қолданушы аталмыш QR-код арқылы орталық сайтына өтіп, марқұмның өмірдерегі жөнінде біле алады.
Алматы орталық мешітінің Баспасөз қызметі