Алматы: Бас имам қалалық брифингке қатысып, тілшілерге сұхбат берді
Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет орталығының ұйымдастыруымен кезекті брифинг болып өтті.
Брифингке «Ізгілік елшісі» жалпыұлттық қозғалысының кураторы Сәбитова Айнұр, Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай, Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Превенция және парасаттылық басқармасының басшысы Игіліков Елнар және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.
Брифингте Сәбитова Айнұр «Ізгілік елшісі» еріктілер жобасының жұмысы туралы және Игіліков Елнар «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу» тақырыбында сөз сөйледі.
Ал Еркінбек Шоқай ысырапшылдық пен қайырымдылық жұмыстарына халықтың көзқарасы туралы ойын ортаға салды. Ашып айтқанда, бас имам өз сөзінде ысырыпшылдыққа жол бермеуге қатысты асыл дініміздің талаптары мен салт-дәстүріміздің тиымдарын айтып, қоғамды мұндай жаман әдеттерден сақтандыру керектігін ұқтырды. Сондай-ақ бүгінгі таңда қайырымдылық жұмыстарына халықтың көзқарасы жақсы екенін тілге тиек етіп, еліміздің қашанда бірін-бірі демеп, қиын-қыстау кезеңде көмек қолын созып тұратын ақадал пейілін айтты. Әрі мұндай қайырымдылық шаралары елімізде, соның ішінде Алматы қаласында үнемі ұйымдастырылып тұратынын жеткізді.
Жиын соңында тілшілер баяндамашыларға өз сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды.