Алматы қаласы әкімінің орынбасары Е.Бабақұмаров қала имамдарымен кездесті
Алматының бас имамы Еркінбек Шоқаймен және аудандардың бас имамдарымен болған кездесу кезінде жастармен жұмыс жүргізудің ерекше маңызы және жауапкершілігі жөнінде сөз болды.
Мемлекеттің орнықты дамуының негізі болып табылатын қоғамның тұрақтылығын, келісім мен өзара түсіністікті сақтауда қала мешіттері қызметкерлерінің маңызды рөл атқаратыны аталып өтті.
«Қазақстанда түрлі дін өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүруде, біз сол үшін мақтана аламыз. Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы осынау теңгерімді сақтауға айтарлықтай үлес қосуда», – деп атап өтті Ержан Бабақұмаров.
Ал Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай өз сөзінде мешіттердің қала өмірінің тұрақтылығына, қоғамның тыныштығына қосып жатқан үлестері мен мешіт қызметкерлерінің үнемі жамағатқа отансүйгіштік пен бейбітшілікті қадірлеуге бағытталған уағыз-насихаттарын жүргізіп жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, мешіттер тарапынан Рамазан айы мен екі айт мерекелерінде және басқа да атаулы күндерде жасалып жатқан қайырымдылық жұмыстарына тоқталды. Ең бастысы, мешіт істерінің жүруіне қолдау білдіріп отырған қала әкімшігі мен қала әкімі Бақытжан Сағынтаевқа алғыс білдірді.
Айта кетерлігі, Алматыда 17 конфессия енетін 180 діни бірлестік, оның ішінде Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының 50 мешіті бар.
www.almaty.gov.kz
Алматы қаласы әкімдігінің ресми сайты