Кеше Алматы қаласы орталық мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Алматы қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен Ақтөбе қаласында өтетін «Әдемі әуезді азаншы» ІІІ Республикалық азаншылар жарысына Алматы қаласы бойынша іріктеу жарысы өткізілді. Аталмыш сайысқа қаланың әрбір мешіттерінің азаншылары қатыстырылып, олардың азан айту кезіндегі дауыс ырғағы, әуені, әріптерді дұрыс шығаруы, тыныс алуды реттеуі секілді жан-жақты сыннан өтіп, арнайы мамандар бағалады. Үміткерлерді әділдікпен іріктеген әділ қазылар Алматы қаласы Орталық мешітінің наиб имамы Ерсін қари Бекайдарұлы, «Нұр-Мүбарак» университетінің докторанты, аға оқытушы Оралхан Рахматбекұлы, Алматы қаласы Орталық мешітінің наиб имамы Қасым Абдумажитұлы, «Жігіттер» квартетінің әншісі Ердос Әмзеханұлы.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Алматы қаласы бойынша өкіл имамы Еркінбек қари Керімбекұлы қатысып, үміткерлер мен жамағатқа азан айтудың мәртебесі, сыйы туралы сөз қозғап: «Азан айту арқылы мүмін адам Алла Тағаланың алдында биік дәрежеге қол жеткізе алады. Оған Ардақты Алла Елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мына хадисі дәлел: «Кімде кім жеті жыл үздіксіз сауап үмітімен азан айтса, оған тозақ отынан азаттық беріледі, ал оны екі жыл азан айтса, оған жәннат уәжіп болады», - деген», - деп жамағаттың азан айтуға ұмтылыстарын арттырды.
Сайыс жеңімпаздары:
І орын ЖОЛДАМА – Жұмалиев Сұлтан («Бәйкен» мешітінің азаншысы. 50 000 теңге).
ІІ орын – Ахметов Серік (Алматы қаласы орталық мешітінің азаншысы. 30 000 теңге).
ІІІ орын – Жайсанбеков Бақыт («Әл-Хамид» мешітінің азаншысы. 20 000 теңге).
Алла Тағала азаншыларымыздың дәрежесін көтеріп, хадисте айтылған сүйіншіні нәсіп етсін!
Алматы қаласы Орталық мешітінің
Баспасөз қызметі