«Ел боламын десең, бесігіңді түзе», - деген халқымыздың даналыққа толы сөзі салихалы қоғамның бастауы өскелең ұрпақтың бүгінгі тәрбиесімен байланысты екенін баяндап тұр. Міне, бұл шариғатымыздың да талабы болмақ. Оған Орталық мешітімізде бір ай бойы өткізілген дәрістерге келуші шәкірт саны дәлел. Биылғы жазғы сауат ашу курсының қазақ және орыс топтарында 86 шәкірт діни біліммен сусындады.
Алматы қаласы Орталық мешітінің ұстаздары жас жеткіншектердің болашақтарына бағдар беріп, ақиқат дініміздің тәлімі терең ілімін баян етіп, ғылымға деген ынтасын оятуға себепші болды.
Сауат ашу курсының соңғы қорытынды марапаттау рәсіміне Алматы қаласы Орталық мешітінің бас имамы Еркінбек қари Керімбекұлы қатысып, шәкірттерге ілім үйренудің артықшылығы, қасиетті Құран Кәрімді оқып оны үйретудің дүние және ақыреттегі дәрежелері, ата-анаға жақсылық жасау туралы насихат айтып, жасөспірімдерді жігерлендірді.
Бір ай бойында сауат ашу курсында үздік оқып, ерекше ынтасын көрсеткен шәкірттерге арнайы сертификаттармен қатар, самокат, тенис таяқтары, нысана қорабы, шахмат, ойыншықтар топтамасы секілді бағалы сыйлықтарды табыс етілді. Ал, жалпы барлық қатысушы ер және қыз балаларға сертификаттармен бірге теңбіл доп пен жұмсақ ойыншықтар тарту етіліп, тәттілермен бірге үй тапсырмалары да қоса берілді.
Алла Тағала бүлдіршіндеріміздің ілімдерін арттырып, ел мен діннің дамуына үлес қосатын азаматтардан етсін!
Алматы қаласы Орталық мешітінің
баспасөз қызметі