«ШАПАҒАТШЫ МҮЛІК» СҮРЕСІНЕН САЙЫС ӨТТІ
ҚМДБ «Әйел-қыздар» секторы Алматы өкілдігінің ұйымдастыруымен Алатау ауданы «Д.Қонаев» мешітінде Шапағатшы мүлік сүресінен сайыс өткізілді.
Рухани, тағылымы мол сайысқа Алматы қаласындағы мешіттерде білім алып жүрген 79 шәкірт қатысты. Қатысушылар арасында мектеп жасындағы шәкірттен бастап зейнет жасындағы әжелер де болды. Сайыстың ашылуында ҚМДБ «Әйел-қыздар» секторы Алматы өкілдігі бойынша жауапты маманы Гүлмира Ілесбайқызы сөз сөйлеп, шәкірттерге сайыс шарттарын түсіндірді. Құран оқылған жердің артықшылығы туралы уағыз айтты. Жалпы сайыс 2 бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде қатысушы шәкірттер махрадж бен тәжуид ережелері бойынша тест тапсырып, екінші бөлімде арнайы әзірленген билеттерді алу арқылы Құран аяттарын жатқа оқыды. Әділ қазылар алқасы: «Мырзахмет» мешітінің ұстазы Ахметова Маржанқыз, «Заря Востока» мешітінің ұстазы Рысакова Лейла және Алматы Орталық мешітінің ұстазы Сүлейменова Гүлмира, «Нұр-Мүбарак» мешітінің ұстазы Жанат Есенгелдықызы төрелік етті. Қатысушы шәкірттердің «Мүлік» сүресін жаттауына, көркем оқуына, дыбыстарды дұрыс шығаруы мен тәжуид ережелерін сақтауына аса мән берілді.
Жарыс соңында жеңімпаз шәкірттерді Алматы қаласының бас имамы Төлеби қажы Дәділұлы қаржылай сыйақы мен алғыс хаттермен марапаттады. Сайысқа қатысқан шәкірттер мен ұстаздарға алғысын айтты
Сайыс қорытындысы бойынша І орын «Таугүл-3» мешітінің шәкірті Балмұрзаева Данаға бұйырса, ІІ орынға «Қонаев» мешітінің шәкірті Саруарова Нұргүл ылайық деп танылды. Ал жүлделі ІІІ орынды «Заря Востока» мешітінің шәкірті Хонан Рашида иеленді.
Шара соңында жарысқа қатысушы барлық шәкірттер арнайы сертификаттармен марапатталып, сыйға құнынан құндылығы жоғары кітаптар табысталды.
Алматы өкілдігінің баспасөз қызметі