ОЗЫҚ ТӘПСІР
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Еңсеру» атты кітабында бүгінгі өркениеттегі ислам қоғамдастығы тап болған қиындықтар туралы айта келе: «Құран – түсінуге әрі ұғынуға жеңіл қарапайым кітап емес, тіпті де: оны түйсіну үшін ең кем дегенде көне араб тілін өте жетік білу қажет» деп жазады.
Ал аса көрнекті дін-парасат иесі Ержан хазірет бабамыз: «Құран аяттарының ішкі және сыртқы астарлы мағыналары бар, Құран оқыңыздар және оның астарын іздеңіздер деген хадистер келген. Құран оқыған кісі оны толық түсіне алмайды, өйткені Құранның бірнеше қыры бар. Олар: Ғибара – ауам (қарапайым көпшілік) үшін. Ишара – ерекше кісілерге, яғни хауас – оқымысты ғұламаларға. Латайиф – Алланың уәлі (әулие) құлдары үшін. Хақайық – пайғамбарлар түсінетін аяттар» деген сөздерді жазып қалдырған болатын. Шынында да, Құран Кәрімді зер сала, зерттей оқыған адам бұл пікірлерді толығымен мойындайды.
Жақында қолымызға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бауырымыздың бастамасымен шыққан ислам әлемінде ерекше құрметке ие болған ғұлама Мұхаммед Али ас-Сабунидің «Тәпсірлердің таңдаулысы» атты аударма кітабы қолымызға тиді. Отыз жыл бойы күткен туған тіліміздегі ұлан-ғайыр еңбек таңдаулы аудармашылардың біріге жұмылуымен, өте сапалы басылым күйінде, көлемі төрт томдық болып жарық көріпті.
Алғашқы беттерін оқыған сәттен бастап біртүрлі тауға шыққандай сезімде жүрміз. Біздер күніне бірнеше қайтара жатқа оқып жүрген аяттарымыздағы әрбір сөздің мән-мағынасы осыншама мол екенін білмеппіз. Мысалы, рахман деген сөздің, рахим деген сөздің бір-бір мағынасын ғана біледі екенбіз. Ал аталмыш кітаптарда келтірілген Хаттаби ғұламадан қалған тәпсірге назар аударсаңыз: «Рахман [ұғымы] ризықтар мен қажеттіліктер тұрғысында барлық жаратылысты қамтитын, мұсылман мен кәпірге де ортақ кең рақым иесі дегенді білдіреді. Ал Алланың Рахим сипаты болса ол тек қана мұсылмандарды қамтиды» дегенін көресіз.
Еңбекте мәтіндерге лексикалық тұрғыдан терең талдау жасалған. Аяттарға жан-жақты сараптау, соның ішінде логикалық жағынан да қарастырылғаны – мұның өте күрделі ғылыми еңбек екендігін көрсетеді. Бұлармен қатар антик дәуірінен бері адамзат игерген ғылымның бір қиын саласы риториканың сол орта ғасырлардағы ең үздік үлгілері осы Құран Кәрімімізде орын тапқаны айтылады.
Мысалы, «Ясин» сүресінде аяттардың соңындағы сөздердің бірдей ырғақпен «ғоафилун», «иуғминун», «муқмахун» деп келуін «сажғ» тәсілі деп атайды екен, біздің ақ өлеңді айта да, жаза да білетін өнеріміз сияқты, бұл тәсіл адамға жағымды естілуі үшін, әрі жалықтырмау үшін қолданылады.
Сүрелердің ғана емес, олардың ішіндегі аяттардың бір-бірімен байланысы үндестігі, мағынасы жағынан да, айтпақ ойы жағынан да бар екендігі адамды таң қалдырмай қоймайды.
Біз бұл шығармаға дейін неміс шығыстанушыларының орыс тіліне аударылған «Значение и смысл Корана» атты төрт томдық тәпсіріне жүгінуші едік. Жақында көршілес Иран Республикасынан біздің аталарымыз ерекше қадірлеген әйгілі «Рухул-Баян» тәпсірі де бес томдық күйінде қолымызға тиген, қадірменді ғалымымыз Нияз Тобыш бүгінгі қазақ тіліне аударуды бастап та кеткен. Артық-кемі жоқ бұл асыл дүниелер мына төл тіліміздегі еңбекпен бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі қуаттап тұр.
Мысалы, «Ықылас» сүресінің «Ол тумады, тудырмады» аятын аталмыш шығарма «Ал Алла Тағала болса, ежелден бар, бастауы жоқ [ешкімнен тумаған]. Ол өзінен кейін де ештеңе болмайтын [өзі ешкімді тумайтын] ақырғы, қадим» деп тәпсірлейді. Ал «Рухул-Баян» тәпсірі: «Құдай Тағаланың өзінен перзент болмаған, Өзі де ешкімнен тумаған, теңдесі жоқ зат» дейді. Бұл тұжырымдардың бүгінгі Батыстың «әлем Бірінші Қопарылыстан пайда болды» деп жүрген, немесе Шығыстық ілімнің «Дао барлық нәрсенің анасы» деп жүргендерінен әлдеқайда әріректегі, биігіректегі, тереңіректегі пайым екендігі көрініп тұр. Жалпы бұл тәпсірлерден ұққанымыз – қазақ дүниетанымындағы «Жаратқан, Тәңірі» сөздері сана жетпеген, сол себепті де аты табылмаған ұғымды тек сол тұстағы адамдарға бірдеңені түсіндіру үшін, сол сөздер арқылы шын ақиқатқа жақындау үшін меңзей айтылған сөздер сияқты.
Бұлар біздің осы төрт томдық ғаламаттың алғашқы беттерінен алған әсерлеріміз, әрі қарай бойлаған сайын алдымыздан небір ғажайып сырлар ашылатынын сезіп те отырмыз. Ұлттық мүфтиятымызға, оның басшылығына, ғұламаларына жамағат арасында жүрген біздерді бір биікке шығарғанына бек рахметімізді айтып, зор алғысымызды білдіреміз.
Алқажан ЕДІЛХАН, өлкетанушы
Маңғыстау облысы