Әр Рамазанның әйтеуір бір жанжалсыз өтпейтініне біздің, мұсылмандардың етіміз үйреніп қалған. Биыл, алдыңғы жылдардағыдай, кезекті жанжалға себеп болған нәрсе – кейбіреулердің ойынша, мешіттерде тарауих намазының өте қатты дауыспен оқылуы адамдардың, нақтырақ айтқанда, бұл туралы өзінің Фейсбук парақшасында жазған адамның тыныш ұйқысына кедергі боп жүрген көрінеді. Бұған БАҚ өкілдері де қарап қалған жоқ. Соның нәтижесінде, бір адамның жеке өзінің атынан айтылған сөздері аса жағымсыз сипаттағы жаңалыққа айналып шыға келді.
Біз бұған мән де бермес едік. Бірақ, өкінішке орай, БАҚ өкілдері дін жайында, көбінесе, жағымсыз сарында жазады да, осы уақытта орын алып жататын көптеген қуанышты жайттарды елемейді (мешіттерде Рамазан кезінде ерекше белсенділікпен өткізілетін көптеген қайырымдылық науқандары – соның бір мысалы).
Бірақ, жақында түнде қызметкерлеріміздің бірінің дәл терезесінің түбінде сүйікті командасының жеңісіне қуанып, шулаған футбол жанкүйерлерінің кесірінен ұзақ уақыт бойы ұйықтай алмауы әлгі сыншыларға қарсы өз ойымызды жазуымызға түрткі болды. Түнгі тыныштықтың біз үшін арман екенін қаланың орталығында тұратындар жақсы біледі. Біз үйлеріміздің жанынан барынша зулап өтетін көліктердің гүріліне үйреніп те кеткенбіз. Түнгі клубтардан, барлардан және мейрамханалардан шығатын музыканың қатты дауысы мен қонақтардың айқай-шуы барынша естіліп тұрады. Айта берсең, мұндай мысалдар көп.
Алайда, мұның бәрі, неге екені белгісіз, қаламыздың тұрғындарының наразылығын тудырмайды. Есесіне, олар азан мен тарауих намазы кезінде естілетін Құранның дауысына наразы. Бір айта кетеріміз, мұның бәрі мұсылмандар айналасындағыларға құрметсіздікпен қарайтындықтан болып жатқан жоқ. Өкінішке орай, әзірге біздің мешіттерімізге келушілердің бәрі сыймайды. Сондықтан, имамның Құран оқуы намазды далада оқып тұрғандарға да естілуі үшін динамиктерді қатты дауыспен қосып қоюға тура келеді.
Қазір Рамазан айы, яғни, Алланың рақымы мен жомарттығының айы. Бұл уақытта мұсылмандар түнде намаз оқып, Раббымызға мадақ айтады. Бұл жылына небәрі 29 немесе 30 күн ғана болатын жайт. Діндар отандастарыңызға құрметпен қарап, сабырлық таныту соншалықты қиын болғаны ма? Оның үстіне, Қазақстанда халқымыздың 70 пайызы өздерін мұсылмандардың қатарына жатқызады. Әр намаздан кейін мешіт имамдары Елбасымызға және республикамыздың барша тұрғындарына (оның ішінде сіз де барсыз) игілік тілеп дұға жасайтындығы айтпаса да белгілі. Діншіл емес адамдардың бұған сенуі қиын, десе де, Рамазан кезінде мешітте түнгі намаздарды оқитын жандардың дұғаларының арқасында біздің қаншама бәле-жаладан аман қалып жатқанымызды кім білсін.
Тіпті қазір азан мен намазды жақтырмай отырған адам, өзі немесе туыстары (Алла бетін әрі қылсын) бір қиындыққа тап болғанда басының амандығы үшін немесе одан да сорақысы, жақынының рухы тыныш болуы үшін дұға қылуын сұрап, сол имамдарға жүгіріп барады. Тиісті рәсімдер мен жаназа намазынсыз жай ғана жерлене салуды ешкім қаламайды. Ондай сәттерде бірден мешіт те естеріне түсе қояды, қамшының сабындай қысқа өмірдің көзді-ашып жұмғанша өте шығатыны да, ажалдың ойламаған жерден келетіні де. Иман келтіріп, намаз оқығандардыкі дұрыс болды ма, әлде сенбей, сынға алғандардыкі дұрыс болды ма, әне, сол кезде белгілі болады.
Қадірлі отандастар, бізге түсіністікпен қарауларыңызды тағы да өтініп сұраймыз. Сіздер бізді төзімділікке жиі шақырып тұрасыздар, бірақ, кейде төзімділік танытуды өздеріңіз де ұмытып кетіп жатасыздар.
Қысқасы, баршамызға Рамазан мүбәрак болсын.