«Сені өзім тудым, өзім өлтіремін»
Тарас Бульбаның әйгілі сөзі бүгінгі күнде жан түршігерлік, сорақы мәнге ие болды. Жасыратыны жоқ, өз құрсағынан шыққан перзенттерін еш шімірікпестен тастап кете беретін көкек аналар бұрын да болмады емес, болды. Десе де, соңғы жылдары елімізді нағыз індет дендеп алды. Тастанды балалардың өліктері табылғандығы жайлы құйқаңды шымырлататын хикаялар бұқаралық ақпарат құралдарынан толассыз көрсетіліп те, жазылып та жатыр. Бейкүнә шараналар біресе, қоқыс жәшігінен, біресе, құрылыстан, дәретханадан, яки көшеден табылуда. Тіпті керек десеңіз, жас ана атанған үлкен сыныпта оқитын қаракөздеріміздің саны күннен-күнге артып келеді. Жаңалықтардан осындай жаға ұстарлық оқиғаларды баяндайтын сюжеттер жиі көрсетілетін болды. Барынша жылдамдықпен зулап бара жатқан жеңіл көліктің терезесінен лақтырылған жаңа туылған сәбидің көріністері жұртшылықты дүрліктірді. Аталмыш қылмыстың қатыгездігіне таң қалмасқа шара жоқ. Неге десеңіз, сол сәтте көлікте тасжүрек ана ғана емес, бейбақ нәрестенің әжесі мен атасы да болған.
Әке-шешелеріне керексіз болған балалардың кейбіреулері әйтеуір аман қалып, жетімдер үйіне түседі. Олардың көпшілігі өмірлерін ата-ананың қамқорлығы мен жылуын көрмей, жетімдер үйінде өткізеді. Ал, қазақстандық қоғамда туыстары мен жақындарының қолдауынсыз жетімдер үйінің тәрбиеленушілері өмір сүруге емес, әйтеуір амалын тауып күн көруге мәжбүр.
Неліктен біздің балажан халқымызда жаңа туған сәбилерге осыншама қатыгездік көрсетілетін болды? Психологтар мен сарапшылар мұның бірнеше себебін айқындап берді. Негізгі себептердің бірі – дәстүрлі құндылықтарымызды ХХІ ғасырдың мәдениетіне, яғни, артын ойламастан, бос, сауықшыл өмір сүруге шақыратын жүгенсіз және белгілі бір тәртіпсіз мәдениетке ауыстыру. Тағы бір жағынан алып қарағанда, «90-жылдардың адасқан ұрпағы» құбылысы қайталанып жатқандай. Өтпелі кезеңде елімізді ауыздықсыз инфляция мен жаппай жұмыссыздық жайлап, бүкіл жұрттың алып-сатарлықпен айналысып кеткені естеріңізде ме? Иә, олар мұнысымен жанұя асырау, балаларды киіндіру сынды ізгі мақсатты көздеген болатын. Есесіне, балалардың өздері қараусыз қалды да, бұл, ақыры жас ұрпақтың мінез-құлқына әсер етпей қоймады. Ал, қазіргі кезде елдің материалдық жағдайы біршама жақсарғанымен, тәрбие жағы ақсап жатыр. Ол аздай, ғаламтордың қол жетімділігі, телеарналардың көптігі және сауық-сайранға деген құмарлық, уақыт өткен сайын жаңа мәселелерді тудыруда.
Сөйтіп, бірнеше минуттық ләззат, нәтижесінде, керексіз баланы өлтіруге себеп болады. Бұрындары адамдар «ел не дейді, жұрттан ұят» деп, халықтың сөзінен және сыпсыңынан қорықса, некеден тыс жыныстық қатынас «махаббат» және «еркіндік» деген ұранмен дәріптеліп, қалыпқа айналған қазіргі заманда жазықсыз сәбиді өлтіруге өзімшілдік, жауапсыздық және қатыгездік түрткі болып отыр.
Сауыққа толы сандалбайлық өмірді жалғастыруға кедергі келтіретін, уақыты мен ақшасын, көңіл бөлуді талап ететін керексіз жүк болған бала анасының ары қарай тұрмысқа шығуына (егер тұрмысқа шығу оның ойында болса) тосқауыл болады. Одан құтылғаның – оны тәрбиелеу мен асырауға байланысты көптеген мәселелерден құтылғаның.
Бұрын жұрттың сөзінен қорыққан адамдар ешкімге білдрмей барып, баланы алдыртып тастаған болса (бұл да жақсы емес, әрине), өзегін жарып шыққан баласын өз қолдарымен өлтіретін қазіргі сорлы анасымақтардың сорақылығының қасында баланы алдыртудың өзі сәл де болса мейірімділіктің белгісі ме деген ойға қаласың.
Төбе шашыңды тік тұрғызатын бұл індетті тоқтату мүмкін бе? Шынтуайтына келгенде, бұл мәселе әрбір қазақстандыққа қатысты, өйткені, бұл қоғамда өмір сүретін – өзге емес, өзіміз. Мейлі, 10 жасар болсын, 15 жасар болсын немесе 20 жасар болсын, әйтеуір бәріміздің бала-шағамыз, ұл-қыздарымыз бар. Сол үшін айтпақ болғанымыз, перзенттеріңіздің ақылына, санасына сенудің қажеті жоқ. Шындығында, көптеген ата-аналар балаларының уақытты қалай өткізіп жүргендігінен бейхабар. Әсіресе, бұл өзге қалаға немесе өзге елге барып, жоғарғы оқу орнында білім алатын қаракөздерімізге қатысты. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ», еркіндік, жаңа жер, ондаған, тіпті жүздеген жаңа адамдармен танысу өмірлік тәжірибесі жоқ бойжеткендердің басын айналдырып, неше түрлі қызықтардан дәметтіреді. Осылайша, көп ұзамай, ол қызық емес, шыжыққа айналады.
Жалған құндылықтар да жағдайды ушықтыра түсуде. Мәселен, соңғы кезде жастардың арасында 18-20 жасар қыздың пәк болуы – масқараның, артта қалғандықтың және ескішілдіктің белгісі деген түсінік тамыр жайып барады. Фильмдер мен телехикаялар, музыкалық бейнебаяндар да осыны насихаттауда. Бұрынғы кезде (кез келген ұлтта) бойжеткендердің ар-ұяты, абыройы саналған дүние, неге екені белгісіз, бүгінде ұятты нәрсеге айналып шыға келді. Адамдар өздерінің «махаббат» хикаяларымен мақтанып, пәктіктен ұялатын халге жетті.
Поп-мәдениеттің, телехикаялардың және әлеуметтік желілерге тәуелділіктің ықпалымен бозбалалар мен бойжеткендер жалған махаббаттың құрбандарына айналуда. Неге жалған махаббат? Себебі, бұл – не бір түндік, не оқу бітіргенше жалғасатын «махаббат». Ал, оның некеден тыс орын алып жатқанын айтпасақ та, бесенеден белгілі. Неге құрбан болуда? Себебі, оларды сол үшін жаза күтіп тұр. Олардың бірі рухани дертке душар болса, екіншісі соз ауруының зардабын тартуда, басқалары болса, әрбір жан жер бетінде жасаған іс-әрекеттері үшін жауапқа тартылатын Қиямет күні азап шегетін болады. Бір күнә басқа да күнәларды тудырады. Ойланбай жасалған әрекет зинаға алып келеді, ары қарай – баланы алдыртып тастаумен, я болмаса дүниеге келген нәрестені өлтірумен аяқталады. Ерте ме, кеш пе, сол анасымақтың титтей де ұжданы қалған болса, ар азабы жанына маза бермей, бақытын талқан етеді. Заң алдында жауап беру деген де бар. Кейбіреулердің жүйкесі сыр беріп, тығырықтан шығудың жолы суицид деп шешеді.
Психологтар ұл-қыздарымыздың арасында кеңінен таралған инфантильдікті де тілге тиек етеді. Бұл дегеніміз, өз-өзіңе, жақындарыңа – барлық нәрсеге деген немқұрайлық. Бұл жауапкершіліктен қашу деген де мағынаны білдіреді. Керексіз жүктілік мәселесімен бетпе-бет келгенде, аруларымыз адам шошырлық әрекеттерге барып жатады. Өкінішке орай, осының бәрі – құштарлық (нәпсі) пен бұзақылыққа толы дүниенің шырмауындағы адамның қаншалықты әлсіз болатынының тағы бір дәлелі.
Біздің халқымыз атам заманнан бері қазақтардың арасында тастанды балалардың болмағанымен мақтанбап па еді? Сұрапыл соғыс пен шайқас кездерінде қаншама ауылдарға шапқыншылық жасалғанда жүздеген, мыңдаған балалар әке-шешесіз қалатын. Бірақ, ағайын-туыстары оларды бағып-қағуды өз борышы деп біліп, қанаттарының астына алатын. Халқымыздың отбасылық құндылықтарға деген құрметке негізделген менталитеті – осы. Бірақ, қазір ол жоқ. Қазіргі күнде қоғам мұндай мәселеде селқостық, енжарлық танытпауы тиіс. Өйткені, тастанды балалар – тастанды болашақ.
Елбасы Н.Назарбаев өзінің сөйлеген сөздерінің бірінде «Қазақ халқында балалары мен ата-анасын тастап кету деген болмаған. Бұл – біздің салт-дәстүрімізге жат нәрсе» екендігін қазақстандықтардың есіне тағы бір салып қойды. Жыл сайын 1500 бала жетімек боп жатқан, көпшілігі әке-шешесі тірі бола тұра жетімдіктің зардабын тартып жатқан Қазақстан үшін бұл – өте өзекті мәселе. Бүгінде елімізде жетімдер мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың саны 34 мыңды құрайды.
Халқымыздың қанына сіңіп кеткен исламдық құндылықтар қазақтардың салт-дәстүрі мен тұрмысында отбасылық байланыстың берік болуын қамтамасыз етті. Себебі, Жаратушы Иеміздің заңымен өмір сүретін адам өзгеге зиян келтіруге қорқады. Біздің дініміз адамды әу бастан алуан түрлі бақытсыздықтардан, шалыс қадамдардан және қылмыстардан сақтайды. Адам баласы ислами ұстанымдарға еру арқылы ғана әзәзілдің тұзағына түсуден аман қала алады. Құранда былай делінген:
«Және зинақорлыққа мүлде жақындамаңдар, ол – азғындық әрі ең сорақы жол» (17:32). Бұл сөздің мағынасы өте терең.
Сол себепті, осы мәселеге баса назар аударуды барша (тағы да айтамыз – барша!) оқырмандарға кеңес етеміз. Зина жасамауды ғана емес, оған мүлде жақындамауды кеңес етеміз. Сенімді хадистердің бірінде ар-ұятыңды, абыройыңды таза сақтаудың қағидалары айқын да анық баяндалған:
«көздің зинасы — харамға қарағаны; құлақтың зинасы — харамды тыңдағаны; тілдің зинасы — харамды айтқаны; қолдың зинасы — харамды ұстағаны; аяқтың зинасы — харамға барғаны; жүрек зинасы — харам нәрсені қалап, соны көксегені; жыныстық мүшелердің зинасы — харамның жетегінде кеткені». Яғни, көзіңді бөтен еркектерге/әйелдерге қараудан сақтап, олармен оңаша қалудан аулақ болған жөн.
Осы қағидаларды қадағаласаңыз, өз өміріңіз бен сізге жақын адамдардың өмірін өтемі өзіңіздің бақытыңыз болатын қылмыс пен күнәлардан аман алып қаласыз.