Депрессиядан шығудың пайдалы әрі нақты 6 қадамы
Депрессия (жабығу; торығу) – әлемде өте көп адам зардап шегіп жүрген жағдай. Ол ұлты, білімі, әлеуметтік жағдайы мен дініне қарамастан барлық адамның басынан өтуі мүмкін. Мұның ұялатын дүние еместігіне қарамастан, депрессиядан зардап шегетін адамдар өздеріне «психикалық дәрменсіз» деген айдардың тағылуынан қорқып, депрессияны үндемей өткеруді жөн көреді.
Ислам тек дін ғана емес, жан-жақты қамтитын өмір салты, исламды зерттеу кез-келген мәселенің, соның ішінде депрессияның да шешілуін ұсынады.
Біздің антидепрессант сынды депрессиядан шығу жолын талқылайтын ойымыздың жоқтығын бірден айтып өткен жөн. Біліміміз бен тәжірибемізге сүйене отырып, уайым мен депрессиядан жоғары болудың алты әдісін ұсынамыз:
1. «ән-Нәс» сүресін оқыңыз
Шын мәнісінде депрессия негізінен құлағымызға Шайтан сыбырлайтын өз-өзіне сенімсіздік пен өзін өте төмен бағалаудың нәтижесі. «Ән-Нәс» сүресін (Құранның соңғы сүресі) оқысақ, оның Шайтанның айдауынан қорғаныс екенін ұғамыз. Яғни өзіне сенімсіздік туған әрбір сәтте «ән-Нәс» сүресін оқу бізді депрессиядан қорғайды, ал ол күйге түскен адмның көңілін көтереді.
2. Үрей мен уайымнан құтылу дұғасын оқыңыз
«О Алла, шындығында, мен сенің құлыңмын және сенің құлдарыңнан туған ұлмын. Мен Саған бағыныштымын, Сенің шешімдерің мен үшін міндетті, Сенің маған шығарған үкімің әділ. Саған Өзің атаған не Құран арқылы жіберілген, не Өзіңнің жаратылыстарыңның бірі арқылы мәлім еткен, не өзіңнен басқаның барлығына құпия еткен әрбір атыңмен жалбарынамын, Құранды менің жүрегімнің көктемі, жанымның сәулесі және мені уайым-қайғымнан азат етуші ете гөр!»
Сондай-ақ:
«О Алла! Үрей мен қайғыдан, шарасыздық пен жалқаулықтан, қарыздың ауыртпалығы мен бөтен адамдардың жәбірлеуінен өзіңнен пана іздеймін»
3. Қайырымдылықпен айналысыңыз
Басқаларға бақыт сыйлау үшін арнайы уақыт бөлудің, қайырымдылық шараларына қатысудың көңіл-күйді көтеретіні, рухани қолдау беріп, сергектік ұялататындығы дәлелденген.
Формула оңай: сіз біреуді бақытқа бөлейсіз және қайтарымына сізді біреу бақытты етеді. Мұндағы қайырымдылық қаржылай мәндегі қомақты зат болмауы да мүмкін. Бұл көрші балалар не қарттар үйіне ерікті көмек, мұқтаждарға түскі ас ұйымдастыру, заттарды тарату болуы мүмкін. Мүмкін, сіз жай ғана аш адамды тамақтандырасыз.
Сіздің себепкерлігіңізбен өзге жанның жүзінде күлкі пайда болғанын көргенде, өзіңіздің де көңіл-күйіңіздің өзгергенін бірден байқайсыз.
4. Серуендеңіз және табиғатты тамашалаңыз
Депрессияның ең маңызды белгілерінің бірі – адамды түбегейлі жаулап алады да, бар өмірлік энергиясынан айырады. Депрессияға түскен адамдар көбінесе басқа адамдармен кездескісі келмейді, өзінің сауытына жасырынып, үйінен шықпайды да, содан депрессиясы тереңдей береді. Айтуға оңай болғанымен, оларға үйінен шығып, серуендеу, табиғатты тамашалауға тырысу керек – бұл көңіл-күйлерін көтерері анық.
Алла жаратқан әлемнің сұлулығына тамсану, құстардың ән салуы сынды қарапайым заттарға назар аудару арқылы біз депрессиядан шығуға қадам жасаймыз.
5. Өзіңізге жаңа хобби ойлап табыңыз
Депрессияға шалдыққан адамның айналысатын ісі жоқ әрі сыртқы әлемнен оқшауланған болса, көңіліндегі жабырқаулықтың көбеймесе, азаймайтыны анық. Жаңа хобби адамды депрессиядан арылтаудың тиімді құралы бола алады.
Кітап оқу, ислам блогын жүргізу, Құранды зерттеу сынды хоббилердің пайдасы мол. Фильмдер қарау сынды жеңіл әрекеттерді пайдалы хоббилердің қатарына қоспайтындығымызды атап өткен жөн.
6. Өміріңіздің қаншалықты жеңіл екенін ойлаңыз
Аталған әдістердің ешқайсысы көмектеспесе, келесі әдіс сіздерді мелшиген қалыптан бірден шығарады. Сізді мазалаған нәрсе жайында ойлаңыз және өзіңізге сұрақ қойыңыз: «Мұны Мұхаммед Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) басынан өткергенімен салыстыруға бола ма? Ойланыңыз. Оның басына түскен сынақтың 1%-ын болсын мен көрдім бе?». Ол ерте жаста жетім атанды. Әйелі мен ағасы ең қатты қажет уақытта қайтыс болды. Туған жерінен қуып тынғанға дейін туыстары соңына түсіп қудалады. Оның басынан өткен бейнеттің бірі болсын сіздің өміріңізде орын алды ма?
Депрессияны жеңудің оңай еместігін біз білеміз, алайда сіздің бойыңызда жігер мен шынайылық табылса, аталған қадамдардың барлығы сізге жол табуға көмектеседі.