Бас имам Алматы жұртшылығын Ораза айтымен құттықтады!
Алматы қаласы Орталық мешітінің
Бас имамы Еркінбек қари Керімбекұлы
Құрметті қала тұрғындары!
Мұқым мұсылманның ұлық мерекесі – Ораза айт мүбарак болсын!
Баршаңызды асыл дініміз бен дәстүр-салтымызда үлкен орны бар ұлық мерекеміз – Ораза айтымен шын жүректен құттықтаймын!
Тақуалық пен ізгіліктің, қайырымдылық пен жомарттықтың айы болған қасиетті Рамазанда тұтқан оразаларымызды, жасаған игі істерімізді бен ақ адал ниеттерімізді Алла Тағала қабыл етсін.
Ораза айт – мұсылман үмбетінің ауызбіршілігі мен ынтымағының ұйытқысы және адамдар арасында бауырмалдылық пен кішіпейілділіктің, кешірімділік пен сүйіспеншіліктің лебін естіретін күн.
Бұл күннің таң азанынан Ораза айт намазы оқылады.
Бұған қатысты Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):
«Айт намазы оқылып болған соң періште былай дейді: «Раббыларың сендерді кешірді, біліп қойыңдар. Енді үйлеріңе қуанышпен тарқасыңдар. Бүгін сыйлық беру күні. Осылайша аспан әлемінде осы дауыс жаңғырып жатады», – деп сүйіншілеген.
Сосын жамағаттар мешіттерден тарасып, туыс-туған, дос-жаран, көрші-қолаңдарының үйіне қонаққа барып, айт күніне әзірленген мерекелік дастарханнан дәм татысып, мәре-сәре болады. Бұның өзі Ораза айт мерекесінің әлеуметтік қарым-қатынасты реттеудегі рөлін айқындай түседі.
Осы орайда, баршаңыздың отбасы-шаңырақтарыңызға Алланың амандығы мен есендігін, берекеті мен байлығын тілеймін. Алла Тағала дендеріңізге саулық, бастарыңызға амандық беріп, дүние мен ақыретте абыройларыңызды арттырып, мерейлеріңізді үстем қылсын! Егеменді еліміздің тұғыры биік, таңы жарқын, күні нұрлы болсын! Әмин!