ЖЕТІСУ АУДАНЫНДА ЖИНАЛЫС ӨТТІ

Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан Жетісу ауданы бойынша мешіт қызметін жетілдіруге арналған мәжіліс өткізді.
Бас мүфти бастамасына сәйкес, биылғы өкілдік жоспарына жұмысты үйлестіруге, жоспарды жүйелі орындауға және аудандағы мешіт имамдарының ұсыныс-пікірлерін тыңдау үшін қаладағы 8 ауданда жеке-жеке жиын өткізу жоспарланған болатын. Осыған орай, бүгін “Әл-Мадина” мешітінде арнайы жиын өтті. Оған діни қызметкерлер мен ұстаздар, Алматы Орталық мешітінің найб имамдары қатысты.
«Бұл басқосудың мақсаты – ауданға қатысты сұрақтарды жеке қарастырып, атқарылатын іс-шаралардың жоспарын пысықтау, жұмыс барысында кездесетін қиындықтарды дер кезінде шешу, ауданға қарасты мешіт қызметкерлерімен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау болып табылады», - деп атап өтті бас имам Төлеби Дәділұлы.
Жиында Төлеби Оспан «Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында Медеу ауданы бойынша «Дін мен дәстүр», «Ихсан және Насихат», «Діни оқу-ағарту» және «Жат діни ағымдардан сақтандыру» бағыттары бойынша іс-шаралардың орындалу барысына тоқталды. Олардың орындалу тетіктерін тарқатып айтып берді.
Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізі қаланғанына 35 жыл толуына орай, ел ішінде дін мен дәстүр сабақтастығын дәріптеп, халыққа діни-ағарту бағытында аянбай қызмет етіп жүрген имам-молдаларға көрсетілген құрметтің белгісі ретінде бірқатар дін қызметкерлері ҚМДБ-ның 35 жылдық мерейтойлық медалімен марапатталған болатын. Сондай марапаттың бірі Бас мүфти кеңесшісі, «Вайнах» мешітінің бас имамы Алсабеков Мухаммад-Хусайн қажы Усманұлына табысталды.
Алматы өкілдігі баспасөз қызметі