ҚҰРБАН АЙТ-2024: БАСПАСӨЗ МӘСЛИХАТЫ ӨТТІ
Бүгін Алматы өкілдігі Орталық мешітте баспасөз мәслихатын өткізіп, биылғы Құрбан айт жоспарымен бөлісті.
Баспасөз мәслихатына наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы, Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан, спикер Орталық мешіттің наиб имамы Руслан Қайыргелді қатысты. Наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының Құрбан айт мерекесіне орай Астана қаласында өткізген баспасөз мәслихаты жайында жеткізіп, биылғы жылғы құрбан айт күндері туралы айтып өтті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрбан айт күндері 16-17-18 маусым күндеріне тура келетінін айтқан болатын. «Құрбан айт намазынан кейін үш күн ішінде жағдайы келген мұсылманға құрбандық шалу – міндет. Алла Тағала қасиетті Құранда «Кәусар» сүресінің 2-аятында: «Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал» деп бұйырған», - деп атап өтті наиб мүфти.
Бүгінгі брифингте Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы Алматы қаласы бойынша 16-маусым күні Алматы қаласы бойынша 54 мешітте таңғы сағат 6:00-да айт намазы оқылатынын жеткізді. Құрбандыққа шалынатын малдарды сату, сою және таратуға рұқсат етілген арнайы 14 орынды атап өтті. Сондай-ақ онлайн түрде тапсырыс берушілер үшін «qurban2024.kz» сайты қайта іске қосылғанын жеткізді. Құрбандық етін алуға өтініштер осы «qurban2024.kz» сайты арқылы қабылданады. Сонымен қатар сайт арқылы құрбандыққа тапсырыс беруге арналған видео нұсқаулық мүфтият және Азан.кз әлеуметтік желілерінде жарияланғанын айтты.
Сондай-ақ бас имам Құрбан айт мерекесіне орай мешіттерде өткізілетін іс-шаралар бағдарламасымен таныстырды. Қала мешіттерінде айттық көтеріңкі көңіл-күй сыйлау үшін және «Ислам және дәстүр құндылығы» жылына орай киіз үйлер тігіліп, айттық дастархан мен дәм ұсынылатынын жеткізді. Мешіттерде балаларға айттық тәттілер таратылып, түрлі ұлттық ойындардан сайыстар ұйымдастырылады.
Брифинг соңында қаланың бас имамы Төлеби Дәділұлы БАҚ өкілдерінің Құрбан айтқа қатысты сұрақтарына жауап беріп, Мүфтият баспасынан жарық көрген «Құрбандық пәтуалары» кітапшасымен таныстырды. Сөз соңында қала тұрғындарын құрбандық шалынатын орындардағы тазалыққа аса мән беруге шақырды.
Ал наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы БАҚ, газет тілшілерінің Құрбан айттың ерекшелігі, шарттары сынды сұрақтарына жауап берді.
Алматы өкілдігінің баспасөз қызметі