ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ «ӘЛИ-МҰХАММЕД» МЕШІТІНДЕ ЖҰМА УАҒЫЗЫН АЙТТЫ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы қаласында күрделі жөндеуден өткен «Әли-Мұхаммед» мешітінде уағыз айтып, жұма намазын өткізді.
«Он екі айдың сұлтаны болған, жәннат есіктері ашылатын, шайтандар кісенделетін қасиетті Рамазан айының кіруіне де санаулы күндер қалды. Бұл айда Алла Тағала мұсылман жұртшылығына бес парыздың бірі болған ораза ұстауды парыз еткен. Ол турасында Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 183-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза парыз етілді. Әрине, сақтанарсыңдар», – деп айтқан.
Қасиетті Рамазан айының келіп жетуі әрбіріміз үшін үлкен қуаныш. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті Рамазан айы кіргенде адамдарды сүйіншілеп: «Ақиқатында Алла Тағала сендерге оразаны парыз еткен мүбәрак ай келіп жетті. Бұл жәннат есіктері ашылатын, тозақ есіктері жабылатын және шайтандар кісенделетін ай. Осы айда мың айдан да қайырлы түн бар. Кімде-кім осы түннің жақсылығынан құр қалса, барлық жақсылықтардан мақұрым болғаны», – деп айтатын болған», - деді Бас мүфти.
Жұма намазынан кейін Бас мүфти мешіт жамағатымен бірге ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.









