ҚАЖЫЛЫҚ-2025: АЛҒАШҚЫ КЕЛІССӨЗДЕР ЖҮРГІЗІЛДІ (ФОТО)
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен 2025 жылғы қажылық маусымының жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында Қазақстан қажылық миссиясы Мекке мен Жидда қалаларына іссапармен барып, Сауд Арабия Корольдігі тарапымен келіссөздер жүргізді.
Наиб мүфти Кенжетай Байкемелұлы бастаған делегация мүшелері Мекке және Жидда қалаларында Сауд Арабиясы Корольдігі Қажылық және ұмра министрінің халықаралық ынтымақтастық бойынша өкілі Хасан Әл-Манахирамен кездесті. Кездесу барысында 2025 жылғы қажылық маусымының жаңа талаптары мен ерекшеліктері талқыланды.
Сонымен қатар отандастарымызға жаңа қажылық маусымын ұйымдастыруға рұқсат алған туроператорлардың дауыс беруі арқылы таңдалған «Mashariq» компаниясының басшылық құрамымен келіссөз жүргізілді.
Келіссөз барысында Қазақстан қажылық миссиясы тарапынан Мина және Арафат аймақтарында жасалатын қызмет түрлеріне жаңа талаптар қойылды. Атап айтқанда Мина мен Арафаттағы қолайлы жерге жайғастыру, тасымалдау жұмыстарын реттеу, өрт қауіпсіздігін ескеру, ас-сумен уақытылы қамтамасыз ету секілді т.б. мәселелер қозғалды.