Нұр-Сұлтан мұсылман әлемінің «жасыл» астанасы атанды
Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Арман Исағалиев бастаған делегация Марокконың астанасы Рабат қаласында орналасқан Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі Ислам ұйымының (ИСЕСКО) штаб-пәтерінде өткен Экология министрлерінің 8-ші ислам конференциясына қатысты.
Марокко Королі Мұхаммед VI қолдауымен өткен бұл форумның басты тақырыбы «Қоршаған ортаны қорғау мен тұрақты дамудағы мәдени және діни факторлардың рөлі» болды.
Конференцияға 36 мемлекет пен 11 халықаралық ұйымның делегациялары қатысты. Іс-шара барысында қатысушылар мұсылман әлемінің қоршаған ортасы, дүниежүзілік жылу көтерілу үдерісі, ауа мен су көздерінің ластануы проблемаларын талқылап, ислам елдерінің экологияны сақтау жолындағы саясатын дамыту жолдарын белгіледі. Талқылау нәтижесінде стратегиялық мәні бар құжаттар қабылданды.
Сонымен қатар, форум аясында ислам мемлекеттерінің қоршаған ортаны қорғауға қосқан ерекше үлесі үшін арнайы марапаттар тапсырылды.
ИСЕСКО комиссиясы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің бұл саладағы жұмысына жоғары баға беріп, сайыстық негізде Қазақстан астанасына «Мұсылман әлемінің ең жасыл қаласы» номинациясында арнайы сый берді.
2017 жылы ИСЕСКО Сауд Арабиясы Корольдігімен бірлесе отырып, қоғамның барлық сегменттерінде қоршаған ортаны қорғау жауапкершілігін насихаттау, қалаларды экологиялық тазалыққа, жаңа энергия көздерін қолдануға үгіттеу, сондай-ақ білім, ғылым, мәдениет, өнер және медиа салаларынан нақты және орнықты бастамаларды қолдау мақсатында Араб, Африка және Азия аймақтарынан үш Ислам астанасы жүлдесін жариялаған болатын.
Биыл Нұр-Сұлтан қаласы тұңғыш жүлдені Азия елдері тобынан алып отыр. ИСЕСКО басшылығы 2017 жылы «Болашақ энергиясы» ұранымен «ЭКСПО» Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізген, жалпы тазалық, қоршаған ортаны қорғау, жаңа энергиясы көздері жобаларын іске асыру бойынша қарқынды даму бағытына түскен Нұр-Сұлтан қаласы бірінші болып Ислам әлемінің «жасыл» астанасы болып жариялануы заңдылық екенін тілге тиек етті.
Әдеттегідей, бұл жүлдені алған қалада қоршаған ортаны қорғау саласы бойынша орнықты даму, ғылыми зерттеу жобалары, экологиялық тақырыптарда халықаралық конференциялар, көрмелер және т.б. түрлі іс-шаралар қарқынды ұйымдастырылады.
Kazislam.kz