Наиб мүфти Мысырдағы қазақстандық студенттермен кездесу өткізді (ФОТО)
Бүгін ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Египет еліндегі іссапары аясында Мысыр жерінде білім алып жатқан қазақстандық студенттермен кездесу өткізді. Каир қаласында өткен «Мемлекеттің сақталуын қамтамасыз ету үшін ұлттық сәйкестікті қалыптастыру» атты Халықаралық конференцияға Қазақстан делегациясын бастап келген Наурызбай қажы Тағанұлы Мысырдағы қазақстандық студенттердің жағдайымен танысып, рухани азық боларлық насихатымен бөлісті.
Ілім жолындағы ізденістеріне жеміс тілеген наиб мүфти студенттер жастарға еліміздегі діни оқу орындарының маңыздылығын айта өтіп, ең алдымен туған жерден діни сауат ашып, сайын дала төсінде сан ғасырдан бері бітеқайнасып кеткен дін мен дәстүріміздің, салт пен әдет-ғұрыптарымыздың сабақтастығын қастерлей білуге шақырды. Асыл дііміздің жолына түсіп, туған жерлерінен жыраққа аттанған әрбір студенттің артында үкілеп өсірген ата-ана үмітінен бөлек, туған еліміздің аманаты, халық алдындағы перзенттік борышы бар екенін ескерте келіп, асыл уақыттарын асқақ мақсаттарға арнауға үндеді.
Кездесу барысында делегация құрамындағы «Нұр-Мүбәрак» университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев та студент жастарға ағалық ақыл-кеңестерін айтып, еліміздегі іргелі діни оқу ордасы жайлы ақпараттармен бөлісті.
Осы орайда, айта кетейік, ҚМДБ Астана өкілдігі мен Астана қаласы Дін проблемаларын зерттеу орталығының бірлесе ұйымдастыруымен шетелде білім алып жатқан елордалық студенттерге әлеуметтік- құқықтық және психологиялық қолдау көрсету мақсатында «Талаба» клубын құру қолға алынуда. Жоба аясында шет елдерде білім алып жатқан елордалық жастармен байланыс орнатылып, қамқорлық жасалатын болмақ. Сондай-ақ, оқуын тәмамдап, отанға оралған жастарды жұмыспен қамту жағы да қарастырылған.