Елге оралу. Сириядағы қазақстандықтарды құтқару операциясы (ВИДЕО)
5-6 қаңтарда Сирияда қазақстандықтарды құтқару операциясына "Жусан" аты берілді. Ақорда баспасөз қызметі құтқару шарасы туралы деректі видеоролик ұсынды.
Әскерилер мен құтқарушылар 5 қаңтарда Ақтаудан ұшып шықты. Ұшақта гуманитарлық көмек, алғашқы қажетті заттар, тамақтану жиынтықтары салынған пакеттер болды.
Эвакуация орнына қазақстандық күштер 5 қаңтарда 15:45-те жетті. Видеода балалар үшін қолайлы ұшу шаралары жасалғаны көрсетілген, оларды тамақтандырып, кітаптар мен ойыншықтар берді. Кейбір ер адамдарды ұшаққа көзін жауып кіргізді.
Қазақстандықтар отырған борт Ақтауға 6 қаңтарда түнгі сағат екі шамасында қонды.
"Биылғы 6 қаңтарда менің тапсырмам бойынша құқық қорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген гуманитарлық шара нәтижесінде Сириядан 47 азаматымыз, соның ішінде 30 бала елімізге қайтарылды.
Олар дағдарыс жайлаған елге алданып барып, террористердің тұтқынында болды. Қазақстанға келген соң әйелдер мен балаларға мемлекет тарапынан барлық көмек көрсетілді. Осындай ауыр жағдайға ұшыраған бұл кінәсіз жандардың қуанышында шек жоқ. Олар бір ай бойы бейімдеу орталығында болып, қажетті медициналық көмек алады. Атқарылған жұмыс мұндай келеңсіз жағдайлардың алдын алуға септігін тигізеді.
Қазақстан өз азаматтарына қай жерде жүргеніне қарамастан әрдайым қолдау көрсетеді. Біздің негізгі міндетіміз – еліміздің қауіпсіздігін, халқымыздың береке-бірлігі мен тұтастығын қамтамасыз ету. Қақтығыс аймағында еріксіз жүрген балаларды қайтару жөніндегі жұмыстарды жалғастыра беретін боламыз", - деді Президент.