Бас мүфтидің Қордай ауданына сапары (ФОТО, ВИДЕО)
Көптің көкейіндегі жайтқа алаңдап Қордайдағы жағдайды бақылау және діни ахуалды өз көзімен көру үшін ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазрет Жамбыл облысына арнайы келді.
Бас мүфти алғашқы жұмысын Қордай ауданындағы қақтығыста қаза тапқан Дархан Әбдірахымның отбасына барып, ата-анасы мен туған-туыстарына көңіл айтудан бастады.
Бұл отбасы қақтығыс болған маңнан 10 шақырым жердегі Әлжан ана ауылында тұрады. Дархан Әбдірахым үйінің жалғызы екен. Бас мүфти әкесі Асқарбек Әбдірахымға басу айтып, сабырға шақырды.
Аймаққа жасаған арнайы іс-сапары барысында Бас мүфти жұма намазын Қаракемер мешітінде өткізді.
Бас мүфти мешітке жиылған жамағатқа Отанды қорғау, туған елдің қадірі, ымыра мен ынтымақтастық, бірлік пен татулық туралы уағыз айтты.
Наурызбай қажы Тағанұлы жұма намазынан соң жергілікті ауыл халқымен тілдесіп, жұрттың көкейіндегі сауалдарға жауап берді. Жергілікті тұрғындар Бас мүфтимен сұхбат барысында аймақтағы діни ахуал жайында өз ой-пікірлерін айтты.
Бас мүфти жұма намазынан соң "Масанчидегі" қарилар медресесіне келді.
Бейбіт Мырзагелдиев Бас мүфтиге қарилар дайындау орталығының бүгінгі тынысы туралы баяндады. Кітапханадан бастап орталықты толық аралаған ҚМДБ Төрағасы әр шәкіртпен жеке-жеке сөйлесті. Сондай-ақ ұстаздармен арнайы жиналыс өткізді.
Шағын құрамда өткен жиында көптеген ойлар ортаға салынды. Соның ішінде алдағы уақытта шәкірттердің ілімін көтеру мақсатында елімізге белгілі имамдарды, РАНТ мүшелерін сабақ беруге шақыру жайлы ұсыныс айтылды. Бұл ұсынысқа Бас мүфти қолдау білдірді.
Осы сапар барысында бірнеше кездесулер өткізген Бас мүфти аймаққа жақында ғана әкім болып тағайындалған Бердікбек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен қоғамдық кеңестің отырысына қатысты.
Жиында негізінен Қордайдағы қақтығыс пен екі ұлт арасында туындаған түсініспеушілік айтылды. Ақсақалдар, кәсіпкерлер мен белсенділерден құралған қоғамдық кеңесте ұлтаралық татулықты сақтау, дінаралық діңгекті мықтап ұстау жағы көбірек сөз болды. Жаңадан тағайындалған өңір басшысы дін өкілдерімен бірлесе жұмыс істеуді жалғастыра беретінін жеткізді.
Өз кезегінде бас мүфти бұл жұмыстарға осы аймақтағы имамдар тегіс жұмылдырылады. Жамағатты тәрбиелеуде атқарылатын ортақ жұмысқа біз қашан да дайынбыз деді.
«Мұсылман – бір-біріне бауыр. Кішкентай қателік үлкен дауға айналды. Соның кесірінен бала жетім, әйел жесір қалды. Екі мұсылманның қару кезеніп, мұндай теріс әрекетке баруы жақсы іс емес. Сондықтан жұмыла жұдырық боп, бәріміз біріге алға жылжу маңызды дер едім. Қазақстан дейтін жалғыз отанымыз бар. Ал дінімізде отанды қорғаудың маңызы өте зор. Кешегі бабалардың қасық қанымен, аналардың көз жасымен келген байтақ даланы қорғау, қастерлеу баршаға ортақ» - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Кеңестің отырысынан соң ауыл ақсақалдары жастардың тәрбиесіне жете мән береміз, оларда сан жылдар бойы қалыптасқан сыйластықты жалғастырады деп уәде берді. Сонымен қатар Діни басқарма басшысы осы сапарында дүнгендер тұратын Ауқатты, Сортөбе, Масаншы ауылдарының тұрғындарымен де тілдесті. Оларға татулық турасында айтып, қаншама жылдан бері келе жатқан тұтастығымызға сызат түсірмеуге шақырды.