Бас мүфти ұстазына құрмет көрсетті (ФОТО)
Кеше ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Алматыға іссапар аясында өзінің ұлағатты ұстазы, Діни басқарманың тұңғыш тізгінін ұстаған Рәтбек қажы Нысанбайұлына арнайы барып сәлем берді.
Рәтбек қажы Нысанбайұлы шәкіртін ілтипатпен қарсы алды. Екеуара кездесу барысында тоқсаныншы жылдардағы еліміздегі Ислам мектебінің қайта қалыптасу кезеңі, жаңа мыңжылдықтағы өзгерістер мен бүгінгі бет бейнесі әңгімеге арқау болды.
«Ештеңе оңайлықпен келген жоқ. Тәуелсіз Қазақстанның әр жерінде жаңа мешіт ашумен қатар, елді діни сауаттандыру жұмыстары да қиынға соқты. Бірақ имамдарымыз сол бір ауыр жолдың азабын бірге көтерді. Өзіңді білім алып келген соң, шәкіртім деп қабылдап қаймағы бұзылмаған қалың қазақтың арасына жібердім. Артқан үмітті ақтадың. Енді міне, Алланың қалауымен биікке жеттің. Осы қызметте де абыройлы бол!» деп ағынан жарылған Рәтбек қажы Наурызбай қажы Тағанұлына ақ батасын берді.
Бас мүфти ұсынысымен Діни басқарма жанынан құрылатын Ақсақалдар алқасына Рәтбек қажы да мүше боп қосылатынын жеткізді.
Кездесу соңында ҚМДБ Төрағасы ұстазына құрметі үшін алғыс айтып, қазақтың дәстүріне сай сый-сияпат көрсетті. Рәтбек қажының иығына шапан жауып, Діни басқарманың 30 жылдығына орай дайындалған кәдесый тарту етті.