Бас мүфти «Парасат жолы» жобасының таныстырылымына қатысты
Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Парасат жолы» жобасының таныстырылымы өтті.
Жаңа жобаны зиялы қауымға Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев таныстырды.
Жобаның таныстырылымына ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, қаламгерлер Ақұштап Бақтыгереева, Баянғали Әлімжанов, Көпен Әмірбек, Дәулеткерей Қәпұлы, Жабал Ерғалиев, басқа да зиялы қауым қатысты.
Жиында сөз алған Бас мүфти «Адалдық алаңы» жобасы азаматтарымыздың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін одан әрі дамытуды көздейтінін айта келіп, ортақ іске үлес қосуға шақырды.
«Ислам діні – үлкен не кішілі сыбайлас жемқорлық пен пара берудің қандай да бір түріне Құран мен сүннет дәйектеріне сай қатаң тыйым салып, тіпті, ауыр күнәлар санатына да жатқызады. Шариғат шеңберіндегі қандай да бір тыйымдарын алып қарасаңыз, адам мен қоғамның дамуына негізделген. Аллаға шынайы құлшылық-ғибадат жасап, айтқандарын бұлжытпай орындауға тырысқан жанның үйінде береке атаулысы ұялайды. Ұлағатты данышпан бабаларымыз «Аз болса да берекесін берсін» деп босқа айтпаған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз» деп жазған еді. Ендеше қоғам болып осы іске үлес қосайық. Алла Тағала елімізге жақсылығын жаудырғай!» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Айта кетейік, «Адалдық алаңы» жобасы аясында іске асатын «Парасат жолы» орталығы еліміздің барлық өңіріндегі облыстық кітапханадан ашылмақ.