Алматылықтардың аманаты Арысқа жеткізілді (ФОТО+ВИДЕО)

Өздеріңізге мәлім, маусым айының 29-жұлдызында, Алматы мешіттерінің ұйымдастыруымен, төтенше жағдайдан зардап шеккен арыстық ағайынға көмек ретінде «Арысқа жылу» қайырымдылық керуені Алматы Орталық мешітінен жолға шыққан болатын.
Содан шілде айының 1-і күні қайырымдылық шарасынының басы-қасында жүрген Алматы Орталық мешітінің қызметкерлері мен еріктілер тобы қарлығаштың қанатымен су сепкендей қайырымдылық керуенін, Алланың қалауымен, Арыс қаласына дін-аман жеткізді.
Қайырымдылық керуенін бастап барған Алматы қалалық Орталық мешітінің наиб имамы Ашимов Қасым арыстық ағайынға ҚМДБ-ның Алматы қаласы бойынша өкіл имамы Еркінбек қари Керімбекұлы мен Алматы жұртшылығының ыстық сәлемін жеткізіп, аманатты иелеріне табыстады.
Бұл қайырымдылық керуенінен Арыс қаласының тұрғындарына бұзылмайтын азық-түлік, тұрмысқа қажетті киім-кешек, көрпе-төсек, гигиеналық заттардан құралған 15 тоннаға жуық заттар үлестірілсе, ал қайырымдылық науқанында жиналған 6-млн теңгеге жуық қаржы да тұрғындардың мұқтаждықтарын өтеу үшін табысталды.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келіп жатқан осындай қайырымдылықтар көңілді марқайтып, көзді қуантады. Ел басына күн туғанда бір-біріне болысып, көмек қолын созған ұлтымыздың кең пейілі мен жомарттығы қашанда баршамызға үлгі-өнеге болса екен деп тілейміз.
Azan.kz