Отбасы – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы – белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің, мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. “Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді” , “Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі”, – деп халқымыз әйел адамның мойнындағы жауапкершіліктің маңыздылығын көрсеткен.
Осы орайда, Алматы қаласы «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен, «Неке және отбасы» тақырыбында ауқымды дөңгелек үстел өтті.
«Ислам және отбасы» жылы аясында ұйымдастырып отырған шараға ҚМДБ-ның Алматы қаласы бойынша өкілі, Алматы Орталық мешітінің Бас имамы Еркінбек қари Керімбекұлы, ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр академиясының» академигі, «Алтын арқау» мәдени-этнографиялық қоғамдық бірлестігінің төрайымы, этнограф, ақын, қаламгер-журналист Ғалия Қайдауылқызы және көненің көзі, салт-дәстүр жыршысы болған «Асыл әжелер» мектебінің өкілдері мен шәкірттер қатысты.
Шара шымылдығын мешітіміздің Бас имамы «Неке және отбасы» атты баяндамасымен ашты. Балаға тал бесіктен дұрыс тәрбие беріп, тілін, ділін һәм дінін білуге, құрметтеуге, Отанын сүюге, қорғауға үйрету – ата-ананың басты міндеті екенін әрі отбасының ұйытқысы, берекесі – әйел екенін баса айтты.
– Әйел әсемдігі әдебінде; Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле; Кез-келген ұлтты азғыру үшін, сол елдің қызын азғырады; Есеңгіреген әйелден, есі шала бала туады; Үй болу деген екі сөздің қосындысы, жауапкершілік; Дәулетіңнің тасығанын – ұлың ер жеткенде, абыройыңның асқанын қыз бойжеткенде білерсің , – сынды әсем ұйқастармен сөзін өрбіткен этнограф, ақын, қаламгер-журналист Ғалия Қайдауылқызы жиналған бойжеткендерге тағылымды баяндама oқыды.
Сонымен қатар, «Асыл әжелер» мектебінің төрайымы Балапан Айтбайқызы – «Қазақ халқының таным түсінігі бойынша жанұя берекесі», Зейнеткер, өнегелі ұстаз Баян Ахметқызы – «Отбасы құндылықтары» Педагог, психолог Роза Нұрматқызы – «Келін ененің топырағынан» атты тәрбиелік мәні зор баяндамалар оқыды.
Жиын соңында, Алматы қаласы «Әйел-қыздар» секторының басшысы Ахметова Маржанқыз дін мен дәстүрді ұштастыра отырып, «Отбасындағы әйел адамның міндеттері» атты баяндама оқыды әрі бұл шараны ұйымдастырудағы мақсатпен маңыздылығына тоқталып өтті.
Жиын соңында үлкен ападан бата алып, келген әжелерімізге гүл шоқтары табысталды.
Алматы қаласы Орталық мешітінің Әйел-қыздар секторы