200 БАЛА ЖАҢА ОҚУ ЖАБДЫҚТАРЫМЕН ҚАМТЫЛДЫ
№1 Балалар үйінде 200 балаға «Жаңа оқу жылына - жаңа жабдықтар» атты мектепке жол қайырымдылық акциясы өткізілді.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен Алматы қаласындағы «Қарасай батыр» мешіті облыстық №1 балалар үйінің қызметкерлері мен балаларына «Жаңа оқу жылына - жаңа жабдықтар» мектепке жол қайырымдылық акциясын өткізді. Кенжехан-2 базары кәсіпкерлері мен мешіт жамағаты демеушілік еткен аталмыш шара аясында, мектеп жасындағы 200 бала сөмке, қалың-жұқа дәптер және сурет салу құралдары мен оқуға қажетті барлық жабдықтармен қамтамасыз етілді.
«Қарасай батыр» мешітінің бас имамы Есім Ержан Алматы қаласының бас имамы Төлеби қажы Дәділұлының ыстық сәлемін жеткізіп, балалардың жаңа оқу жылына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, тәттілер таратылып, аниматор кейіпкерлері балаларға ойын ойнатып, естен кетпес көңіл-күй сыйлады. Балалар үйінің директоры Роза Жақанқызы осы бастамаға мұрындық болған Діни басқарма басшылығы мен барлық дін қызметкерлері, демеушілерге алғысын білдірді. Әр дін мен дәстүрін қатар ұстанатын азамат үшін «Жетім көрсең - жебей жүр» деп мұра қалдырған ата бабамыздың ізгі жолы алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.