«НҰР-МҮБАРАК» УНИВЕРСИТЕТІНЕ ЖАҢАДАН РЕКТОР ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
Алматыдағы «Нұр-Мүбарак» Ислам мәдениеті университетіне жаңадан ректор тағайындалды. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мен Мысыр Араб Республикасының Уақыптар министрі шейх Усама әл-Әзһаридің кездесуінде айтылды.
Екіжақты кездесуде діни саладағы, әсіресе, білім беру мен дін мамандарын дайындау бойынша ортақ жобалар талқыланды. Бас мүфти осы елдің Президенті Әбдел Фаттах ас-Сисидің қамқорлығымен және Уақыптар министрлігінің ұйымдастыруымен өтетін «Сауаттылықты арттырудағы әйелдердің рөлі» халықаралық конференциясына шақырғаны үшін Усама әл-Әзһариға алғыс білдірді. Конференция тақырыбының қазіргі таңда өте өзекті екенін айтып, халықаралық іс-шараға сәттілік тіледі.
Өз кезегінде шейх Усама әл-Әзһари қазақ шәкірттерінің Мысырда білім алуына жағдай жасау және әл-Азһардың білікті ұстаздарының Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты медресе-колледж, институттарда, Нұр-Мүбарак университетінде дәріс беруі жалғаса беретінін айтты. Кездесу соңында тараптар бір-біріне құрмет, ілтипат көрсетті.
Айта кетейік, еліміздегі білікті дін мамандарын дайындайтын білім ордасына Ахмед Хусейн Мұхаммед Ибраһим тағайындалды.