МЕКТЕПКЕ ЖОЛ: АЛМАТЫДА 2000 БАЛАҒА ОҚУ ЖАБДЫҚТАРЫ ҮЛЕСТІРІЛДІ
Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы Орталық мешітте «Мектепке жол» қайырымдылық шарасына қатысты.
Бүгін ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен Алматы Орталық мешітінде дәстүрлі «Мектепке жол» қайырымдылық шарасы өтті. Іс-шараға шаһардың бас имамы Төлеби Дәділұлы қатысып, Бас мүфтидің құттықтау сәлемін жеткізді. Орталық мешітке жиналған 400 балаға жаңа сөмкелер табыстап: «Санаулы күндерде жаңа оқу жылына аяқ басқалы отырған барша оқушылар мен ұстаздарға сәттілік тілеймін. Озат та ынталы болсын деп үлестіріліп жатқан оқу жабдықтарын мешіт сыйы деп қабылдаңыздар. Бейбіт аспан астында аяулы білім ордасына оралған қадамдарыңыз құтты болсын! Қоғамның озық ойлы азаматтары болуды Алла нәсіп етсін деп тілейік», - деді бас имам.
Науқан аясында Алматы қаласы бойынша 8 ауданға қарасты мешіттермен қосқанда 2000 мектеп оқушыларына жаңа оқу жылына жаңа жабдықтар салынған сөмкелер табысталды. Атап айтсақ, Алмалы ауданы «Төле би» мешіті 200, Алатау ауданы бойынша 450, Медеу ауданы бойынша 240, Әуезов ауданы 120, Жетісу ауданы 218, Бостандық ауданы 150, Наурызбай ауданы 120, Түрксіб ауданы 150 және Алматы Орталық мешіті 400 балаға жаңа оқу жылына жаңа жабдықтар салынған сөмкелер үлестірді. Мешіт сыйы көп балалы аналарға, «Парасат» әлеуметтік орталығының тәрбиеленушілеріне, «Жусан» операциясы аясында елге оралған отбасының балаларына, көмекке мұқтаж отбасылары мен мешіт қызметкерлерінің балалары қамтылған тізім бойынша үлестірілді.
Ұйымдастырушы тарапынан ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қоры Алматы өкілдігі бойынша жауапты маманы Бауыржан Көптілеуов жақсылықта жарысып, сауапты амал жасауға ниеттенген барша демеуші жандарға алғысын жеткізді.
Алматы өкілдігінің баспасөз қызметі