ЕРЕЖЕП – БЕРЕКЕЛІ АЙ
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти
Құрметті бауырлар!
Баршаңызды қасиетті Ережеп айының келуімен құттықтаймын! Алла Тағала қасиетті айда жасаған құлшылық-дұғаларымызды қабыл еткей!
Құран Кәрімде: «Алла Қағбаны – қасиетті үйді адамдарға тірек етті, сондай-ақ қасиетті (харам) айды, құрбандыққа әкеле жатқан және алқа тағылған құрбандық малдарды да (құлшылық етуге негіз етті)», – делінген («Маида» сүресі, 97-аят).
Ражаб (Ережеп) айы – Алла Тағаланың соғысуға, қан төгуге тыйым салған (Зұлқағда, Зұлхижжа, Мұхаррам, Ражаб) айларының бірі.
Ережеп – берекелі әрі ұлық ай. Ондағы аз ғана ізгі іске көптеген сауаптар беріледі, құлшылықтар мен дұғалар қабыл болады. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бес түн бар, онда дұғалар кері қайтарылмайды. Олар – Ережеп айының алғашқы түні, Шағбан айының жартысындағы түн, Жұма түні, Ораза және Құрбан айт түндері», – деген (Ибн Асакир).