ҚЫРЫҚ ҚАСИЕТІ БАР ДҰҒА
Бұл дұғаны періштелер үнемі айтады. Ал бес уақыт намаз оқитын кісі аталмыш дұғаны әр құлшылығында кем дегенде екі рет оқиды. Бұл – Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) арналған салауат. Салауат – дұға дегенді білдіреді.
Сахаба Убай бин Кағб (р.а.): «Уа, Алла елшісі! Мен сізге көп салауат айтамын, дұғамның қаншасын салауат етейін?,-дейді.
-Қалауың білсін,-дейді пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын).
-Дұғамның төрттен бірін салауат етейін бе?
-Қалауың білсін, егер арттырсаң, саған жақсы.
-Жартысын?
– Қалауың білсін, егер арттыра түссең қайырлы болмақ.
-Үштен екісін?
-Қалауың білсін, егер арттыра түссең саған қайырлы.
-Дұғамның барлығын салауат етейін бе?
-Олай етсең, уайым-қайғыңа жеткілікті әрі күнәң кешіріледі[1]», - деген екен. Демек, салауат дүниелік тұрмыс-тіршілікті және ақыреттік қиыншылықты сейілтетін дұға.
Құран Кәрім: «Ақиқатында, Алла Тағала және періштелер пайғамбарға салауат етеді. Уа, мүміндер! Оған салауат және ықыласпен амандық тілеңдер[2]»,-деп үндейді. Ибн Касир бұл аятты: «Хақ Тағаланың салауаты – пайғамбарының (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мәртебесін пенделерге және періштелеріне білдіру. Періштелер салауаты – дұға етіп, жарылқау тілеу», - деп тәпсірлеген. Ал енді, салауат айтушыға қатысты Әнас (р.а.) риуаятында: «Кімде-кім маған бір салауат айтса, Алла Тағала оған он мейірімділігін беріп, он қате-күнәсін кетіреді[3]», - делінген.
Сонымен қатар, хадисте: «Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтпайынша, әрбір дұға тосылып тұрады[4]», - делінген. Ал енді салауаттың қырық қасиетіне келсек. Құран және хадис негізінде, салауат айту адамға қырық пайдасы жинақталған. Олар:
1.Салауат айту – Алла Тағаланың әмірі;
2.Хақ Тағала салауаты – пайғамбарын мақтауы және мерейін өсіруі;
3.Салауат – періштелердің тұрақты дұғасы;
4. Бір салауат айтқанға Алла Тағала он жарылқау етеді;
5.Бір салауат мұсылманның дәрежесін он есе өсіреді;
6.Бір салауатқа он сауап жазылады;
7.Бір салауатпен он күнә жойылады;
8.Дұғадан алдын айтылған салауат тілектің қабыл болуына себеп;
9.Салауат – пайғамбар шапағатына себеп;
10.Салауат – күнәлардың кешірілуіне себеп;
11.Салауат уайымның сейілуіне, мәселенің шешілуіне себеп;
12.Тұрақты салауат айту қияметте пайғамбарға жақын тұруға себеп;
13.Салауат кедейдің садақасы орнына жүреді;
14.Салауат қиыншылықтың жеңілдеп, оңды шешілуіне себеп;
15.Салауат айтушыға Алла мейірімін төгеді, періштелер дұға етеді;
16.Салауат адамның жанын тазартады;
17.Тұрақты салауат айту жәннатқа жақындата түседі;
18.Салауат қиямет қорқынышынан қорған;
19.Тұрақты салауат етуші сәлеміне пайғамбарымыз жауап береді;
20.Салауат ұмытқан сөзді немесе затты еске түсіруге себеп;
21.Салауат мәжілісті құтты етеді;
22.Салауат кедейліктен құтқарады;
23.Үнемі салауат айту сараңдық атынан сақтайды;
24.Салауат адамды жамандықтан қорғайды;
25.Салауат иесін жәннат жолына салады;
26.Салауат «бисмиллә» ұмытылған мәжілісті берекетті етеді;
27.Салауат – Алла Тағалаға мақтау айтылған мәжілісті тәмамдаушы сөз;
28.Салауат – қыл көпірде адамға нұр;
29.Салауат – жаман мінез-құлықтан құтқарады;
30.Салауат – Жаратушының пендені ұдайы жарылқауына себеп;
31.Салауат – адамның өміріне, ісіне және құлшылығына берекет;
32.Салауат – Алла Тағаланың мейіріміне бөленуге себеп;
33.Салауат – пайғамбарымызға деген сүйіспеншіліктің белгісі;
34.Салауат – пайғамбардың адамға деген сүйіспеншілігіне себеп;
35.Тұрақты салауат иманға қуат береді;
36.Салауат айтушының және әкесінің есімі Пайғамбарымызға жеткізіледі;
37.Салауат – қыл көпірде аяқта нық тұруға себеп;
38.Салауат – пайғамбарға алғысымыздың шағын түрі;
39.Салауат – Алла Тағалаға шүкіршілік етудің бір үлгісі;
40.Салауат – дұға. Салауатпен Хақ Тағаладан тілегімізді сұраймыз;
Жалпы, салауат кез келген уақытында айтылатын дұға. Ал, жұмада көбірек айтуға кеңес етіледі. Салауат қиыншылықтан құтқаратын қырық қасиетке ие. Аталмыш дұғаның көптеген түрі бар. Ең қысқа үлгісі: «Аллаһуммә солли уә сәллим уә бәәрик алейһи». Мағынасы: «Уа, Алла! Пайғамбарға салауатың мен сәлемің және берекетің болсын!».
Руслан ҚАМБАР
«Нұр Мүбарак» мешітінің наиб имамы