ҚҰРАН ҚҰЛШЫЛЫҚТЫҢ НЕГІЗІ
Құран адамзатты тура жолға бастаушы һәм қараңғылықтан шығарушы, іші насихатқа толы, әрбір әріпі сауап болған Алланың қасиетті сөзі. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Міне осы кітапта күдік жоқ, тақуалар үшін тура жол көрсетуші» [1] деп Құранның адам баласы үшін құнды кітап екенін көрсетті.
Сондай-ақ Алланың соңғы елшісі Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінің бірінде: «Сендердің ең жақсыларың Құранды үйреніп, оны өзгелерге үйреткендерің» [2] деп Құранның дәрежесін көрсеткен.
Қазақтың бас ақыны Абай атамыз да "Алланың өзі де рас, сөзі де рас" деп Құранның Алланың ақиқат сөзі екенін айтқан. Расында Ислам дінінде барлық құлшылық Құраннан бастау алатыны ақиқат. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: "Бір топ кісі Алла Тағаланың үйінің біріне жиналып, Алланың кітабын оқып және өз араларында талқыласа. Оны түсінуге күш сарп етсе, олардың төбелеріне тыныштық жауады да, маңайларын мейірім басады. Періштелер оларды жан-жағынан қоршап тұрады. Алла Тағала да оларды өзінің қасындағылардың жанында сөз етеді", - [3] деп Құранның құлшылықтағы орнын айтқан.
Сондай-ақ мәзһабымыздың имамы Әбу Ханифаның да Құранға деген құлшынысы ерекше еді. Бірде Әли ибн Хафс әл-Бәззәз: «Мен Хафс ибн Абдрахманның: «Мен мешітке кірген кезімде намаз оқып тұрған бір кісіні көрдім. Оның Құран оқығанына әуестеніп, ол кісі Құранның жетіден бірін оқығанға дейін арқасында ұйып тұрып: «Енді рукуғ жасайтын шығар» дедім. Алайда ол кісі Құран оқуын жалғастырып Құранның үштен біріне жетті. Сонда мен: «Енді рукуғ жасайтын шығар» дегенімде, ол ары қарай Құран оқуын жалғастырып, Құранның тең жартысына жетті. Ол бір ракағатта Құранды бастан аяқ хатым етті. Кейін қарасам ол – Әбу Ханифа екен» деп айтқанын естідім", - [4] деген.
Расында Қазақ халқының да Құранға деген құрметі ерекше болған. Оған дәлел алаш арысы Міржақып Дулатұлының «Насихат ғумумия» өленіңде адам баласын өзінің дінін үйренуге, Құранды оқуға шақырып былай деген:
Әуелі үйренетін бір ғылымың,
Өзіңнің мұсылманша дін ғылымың.
Шарттарын исламның кәміл білсең,
Ахиреттік азық берер шын ғылымың.
Бұйырған, тыйған ісін шариғаттың,
Секілді фарыз, уәжіп мұны ұғуың.
Хаз жазып, түркі танып, Құран оқып
Қирағат қағидамен жүргізуің, -
деп, Құран оқып, құндылықтарын білуге және оған амал жасауға шақырған.
Сонымен қатар Қазақстан халқының тұңғыш призиденті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Елбасы: «Біз түбіміз – түрік, дініміз – Ислам, кітабымыз – қасиетті Құран. Сондықтан Құранды насихаттауды ұмытпауымыз керек», - деген сөзі бар
Алла Тағала баршамызға «Сендердің ең жақсыларың Құранды үйреніп, оны өзгелерге үйреткендерің» деген хадистің аясында ғұмыр кешуді нәсіп етсін.
Пайдаланған әдебиеттер:
- Бақара сүресі, 2-аят
- Науауи. Тибиан фи әдәби хамалати-л-Қуран. Бейрут: «Мактабат әл-мудәйид» 1991. 12-б.
- Мүслім
- Бижан Илесбеков, Құран тағлымы 132 бет.
Пернебекұлы Темірбек
Бостандық ауданы
«Нұрлытау» мешітінің бас имамы