Қара сөз қара өлеңге айналғанда... #23
ЖИЫРМА ҮШІНШІ СӨЗ
Біздің қазақты оңдырмай жүрген бір қуаныш, бір жұбаныш дегендер бар.
Оның қуанышы – елде бір жаманды тауып, я бір адамның бұл өзі қылмаған жаманшылығы шықса, қуанады. Айтады: құдай пәленшеден сақтасын, о да адаммын деп жүр ғой, оның қасында біз сәулелі кісінің бірі емеспіз бе, оған қарағанда мен таза кісі емеспін бе? – деп. Оған құдай тағала айтып па, пәленшеден тәуір болсаң болады деп? Я білгендер айтып па, әйтеуір өзіңнен наданшылығы асқан, я жаманшылығы артылған кісі табылса, сен жаманға қосылмайсың деп? Жаманға салысып жақсы бола ма? Жақсыға салысып жақсы болады дағы. Жүз ат бәйгеге қосылса, мен бәйге алдым деген сөз болса, алдыңда неше ат бар деп сұрар, артыңда неше ат бар еді деп сұрағанның несі сөз? Мен бес аттан, он аттан ілгері едім дегеннің несі қуаныш?
Енді жұбанышы – жалғыз біз бе, елдің бәрі де сүйтіп-ақ жүр ғой, көппен көрген ұлы той, көппен бірге болсақ болады да деген сөзді жұбаныш қылады. Оған құдай тағала айтып па, көптен қалмасаң болады деп. Көпке қаһарым жүрмейді деп. Көпке тұзағым жетпейді деп пе? Ғылым көпке келіп пе? Біреуден тарап па? Хикмет көптен тарай ма? Бірден тарай ма? Көпке қорлық жүрмей ме? Бір үйдің іші түгел ауырса, жеңіл тие ме? Жер білмеген көп адам адасып жүрсе, бір жер білетұғын кісінің керегі жоқ па екен? Көп кісі жолаушының бәрінің аты арығаны жақсы ма? Жоқ, жармысы арыса, жармысының күйлісі жақсы ма? Жұт келсе, елдің бәрінің түгел жұтағаны жақсы ма? Жарым-жартысы аман қалғаны жақсы ма? Осы көп ақымақтың бір ақымаққа несі жұбаныш? Тұқымымызбен аузымыз сасық болушы еді деген жаман күйеу қалыңдығын жеңіп пе? Көңілін сол сөзі разы қылуға жетіп пе? Ендеше, көбіңнен қалма, сен де аузыңды сасыта бер деп пе?!
Абай Құнанбайұлы.
ЖИЫРМА ҮШІНШІ ӨЛЕҢ
Жүрегін жалғандықтан жырақ ұстар,
Жақсының жылуынан кім алыстар.
Қашаннан қайыры жоқ қуаныш пен,
Қазақты оңдырмайтын жұбаныш бар.
Есінен шығып кеше жылағаны,
Анадан тәуірмін – деп жұбанады.
Біреудің кемшілігін көріп қалса,
Табалап, санын соғып қуанады.
Бақ деген байламсызға тапшы қонар,
Біреулер дерті меңдеп, бақсы болар.
Жаманның жыртығына қуанбастан,
Жақсымен жанасқаннан жақсы болар.
Бітірмей берекелі ұнамды іс түк,
Күдікті көже қылып, күмәнді іштік.
Көппенен бірге болсақ болды да – деп,
Жүргені көптің ішін жұбаныш қып.
Жасайтын жақсылық пен көмегі көп,
Қарым мен қайырымның төмені жоқ.
Адасқан көпшіліктен жер білмеген,
Жер білер бір кісінің керегі көп.
Санасу, салғыласу ұранды ісі,
Өзінде өз қызығы, қуанышы.
Өзгеден өзінікін артық көрген,
Әзірге осы боп тұр жұбанышы!
Әлібек Шегебай.