АЙТ КҮНДЕРІ ТӘКБІР ТӘШРИҚ АЙТУ

Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағаланың құзырында осы он күнде жасалған ізгі амалдан абзал әрі сүйкімді игі іс жоқ. Ендеше сол кезде тасбихты (субханалла), тахмидты (әлхамду лиллә), тахлилді (лә иләһа илләлла), тәкбірді (Аллаһу акбар) көбейтіңдер», – деген. Ғалымдар тәкбір ташриқты айтуға бірауыздан келіскен.
Шариғат бойынша, ташриқ күндері әр парыз намаздың артынан бір рет тәкбір ташриқ айту – уәжіп. Тәкбірді имамның артынан ұйыған адамдар да айтады. Әйел кісілер тәкбір айтқанда дауыстарын қатты көтермейді. Тәкбірді бір реттен артық айтса да болады. Бұрынғы қаза намаздарды оқығанда немесе ташриқ күндері қаза етіп, оны сосын өтегенде тәкбір ташриқ айтылмайды.
Ташриқ күндері – бес күн яғни, 23 намазда тәкбір айтылады. Олар: арапа күні, үш айт күндері және одан кейінгі бір күн. 2025 жылдың Арапа күні 05 маусымға сәйкес келеді. Демек, 05 маусым күні таң намазының парызынан кейін басталған тәкбір тәшриқ, 09 маусым күні асыр намазынан соң тоқтатылады.
Тәкбір ташриқ сөздері: «Аллааһу әкбар, Аллааһу әкбар, ләә иләәһә иллаллааһу уаллааһу әкбар, Аллааһу әкбар уа лиллааһил хамд».
Алла Тағала баршамыздың қасиетті Құрбан айт күндері атқарған игі істерімізді бен шалған құрбандықтарымызды және дұға-тілектерімізді қабыл еткей!
Алматы Орталық мешітінің
Баспасөз қызметі