ЖЕҢІМПАЗ АЛМАТЫЛЫҚ ҚАРИЛАРҒА ҚАРЖЫЛАЙ СЫЙАҚЫ ТАБЫСТАЛДЫ
Бүгін Алматы Орталық мешітінде жұма намазынан соң Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан ХІІ республикалық байқауына Алматы атынан қатысып, жеңіспен оралған қарилар марапатталды.
Бүгін Орталық мешітке жиналған жамағатқа ғайбаттың зардабы және жаман ойдан сақ болу жайлы уағыз айтылып, көпшілік жамағатпен жұма намазы оқылды. Намаз соңынан Ақтауда өткен Құран байқауының 4 аталым бойынша да жеңіс тұғырынан көрінген алматылық қариларға құрмет көрсетілді. Жеңімпаз қариларға, атап айтсақ Құран Кәрімнің 30 парасын жатқа оқу бойынша І орын иеленген Абдазимов Нематулла Сауранбекұлына 200 000 теңге, 20 параны жатқа оқу бойынша V орын алған Жұбан Әбілхайыр Ералыұлына 150 000 теңге, ал Құран Кәрімнің 10 парасын жатқа оқу бойынша І-орын иесі Мырзахмет Махмұт Жолдасұлына 100 000 теңге, сондай-ақ Құран Кәрімді мәнерлеп оқу бойынша ІІІ-орынды қанағат тұтқан Бегімов Сұлтан Шерәліұлына 100 000 теңге қаражат жамағат атынан табысталды. Алматы абыройын асқақтатқан қариларға Наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы мен Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы қаржылай сыйақының сертификаттарын табыстады. Марапат соңында 10 Құран хатым батасы ата-баба рухына бағышталып, дұға жасалды.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі