ҰЛТТЫҚ КІТАПХАНАДА «РУХАНИ КЕЛІСІМ» КҮНІНЕ ОРАЙ САЛТАНАТТЫ ІС-ШАРА ӨТТІ
Бүгін, Қазақстан республикасының ұлттық кітапханасында Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен және «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Рухани келісім» күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Бәрімізге белгілі, 1992 жылдың 18-қазанында Алматыда Елбасы Н.Назарбаевтың төрағалығымен Бірінші Бүкіләлемдік рухани келісім конгресі өткен болатын. Сол күннен бастап жыл сайын елімізде «Рухани келісім» күні кең көлемде атап өтілуде.
Іс-шараны Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Есенбеков жүргізіп отырды.
Келелі басқосуға «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университеті жанындағы «Әбу Ханифа» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Керім Шәмшәдин және қоғам қайраткері Құсман Шалабаев қатысты. Салтанатты шарада қалалық мәслихат депутаты Кенжехан Матыжанов, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Асылы Осман және Алматы қаласы Орталық мешітінің Бас имамы Еркінбек қари Шоқай сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды.
Сонымен қатар, іс-шараға «Әбу Ханифа» медресесі және Алматы бизнес колледжінің студенттері қатысып, келелі сұхбаттан рухани нәр алды.
Алматы қаласы Орталық мешітінің Бас имамы өз сөзінде аталмыш «Рухани келісім» күнінің маңыздылығына кеңінен тоқталып, асыл дініміздің діндераралық татулық пен толенранттылыққа үндейтінін, өзара түсіністік пен төзімділікке шақыратынын айтып жеткізді.
Іс-шара барысында қаладағы діни ұйымдардың үздік қызметкерлері марапатталды. Атап айтқанда «Қалқаман» мешітінің Бас имамы Кенжәлі Қоңыратбайұлына Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаевтың Алғыс хаты табысталды.
Жиыннан соң діни конфессиялар көшбасшылары мен дін қызметкерлері өзара татулықтық рәмізі ретінде «Рухани келісім күніне» арналған ағаш көшеттерін отырғызды.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі