«АЛМАТЫ – АЛТЫН ҰЯ» АТТЫ КВЕСТ ОЙЫНЫ ӨТТІ
Алматы «Әйел-қыздар» секторының жанынан ашылған «Райхан инабатты бойжеткендер» мектебінің ұйымдастыруымен Елбасы жолдауындағы «Өз жеріңді танып біл» бастамасы аясында Алматы қалалық орталық мешітінің шәкірттері арасында «Алматы – алтын ұя» атты квест ойыны өтті.
Қызыққа толы жарыс екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезең – діни мекемелер мен Алматы шаһарындағы тарихи орындарды қамтыса, екінші кезең – қаламыздың әсем жері Медеу тау шатқалында өтті.
Шара Алматы қалалық Орталық мешітінен бастау алды. Ойынға қатысушылар берілген конверттегі сұрақтарға жауап берумен қатар, тұспал сөздерді шешу арқылы келесі баратын бағыттарын тауып отырды. Медеу шатқалына барар жолда түрлі спорттық ойындар ойнатылып, қызықты тапсырмалар берілді. сондай-ақ, ойынға қатысушылар 841 баспалдақтан тұратын мәре сызығы - «Медеу баспалдағының» биігіне көтеріліп, әнұранмен сайысты аяқтады.
Сонымен қатар, қатысушылар діни және еліміздің тарихы жайлы сұрақтарға жауап беру арқылы білімдерін сынады. Ойынға қатысқан 4 топтың барлығы мақтау қағазымен марапатталып, сыйлықтар табысталды.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі