Такси жүргізушісі туристерге 30 мың еуро ақшасын қайтарып берді
Ыстамбұлда такси жүргізушісі тунистік туристерге ішінде 30 мың еуро ақшасы бар сөмкесін қайтарып берді. Жергілікті БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, туристер Стамбұл аэропортынан Құмкапы ауданындағы қонақүйге дейін жалдаған таксиде сөмкелерін ұмытқан.
Жүргізуші келесі жолаушысын отырғызып жатқанда ұмытылған сөмкені байқап, сол күні-ақ жоғалған затты қайтарып берген. Такси жүргізушісі Хакан Канаттың айтуынша, ұмытылған ақшаны өзіне алып қалу тіпті ойына келмеген екен.
Ол сөмкенің қожайындарын таба аламын ба деп уайымдаған көрінеді. Алайда қомақты қаржының иелеріне хабарласа алған. Ал олар, өз кезегінде, жүргізушіні қонақүйдегі бейнебақылау камералары арқылы анықталған көліктің нөмірі бойынша іздеп тапқан.
Оның айтуынша, тунистік туристер қолында сөмкесі бар жүргізушіні көрген бойда мойнына асылып, сүйе бастаған. Хакан Канат олардың төбелері көкке жетердей бақытты болғандарын айтады. Сыйақы ретінде туристер оған 100 еуро табыстаған.
«Мен мұны сыйақы үшін жасаған жоқпын, бөтен біреудің затын немесе ақшасын иемденуге ұятым жібермейді. Сөмкені мейлінше тезірек иелеріне табыстағым келді. Бұл біздің міндетіміз, мен балаларымды харам жолмен келген табыспен асырай алмаймын», - дейді Хакан Канат.