РАМАЗАН-2024: ҚОРЫТЫНДЫ ЖИНАЛЫС ӨТТІ
Бүгін Алматы Орталық мешітінде ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Рамазан айына арналған жоспары негізінде атқарылған жұмыстарды қорытындылау жиналысы өтті.
2024 жыл «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында рамазан айына арналған жоспармен жұртшылық асыға күтетін қасиетті ай да өте шықты. Мұқтаж жандарға мейлінше көмек беріліп, дін қызметкерлері қайырымдылық жұмыстары мен діни рәсімдерді атқаруда белсенділік танытты. Сонымен қатар тарауих намазын өткізіп, хатым құран түсірген мешіттер «Рамазан – ізгілік айы» аясында бірқатар шаралар өткізді.
«Рамазан – Құран айы» атты бастамасымен жауапты имамдар мен ұстаздар жамағатқа 1 айлық Құран курсын өткізіп, қасиетті айда жамағат сауатын арттыруда жобалар жүзеге асқанын жеткізді. Сонымен қатар мүфтият бекіткен бес бағыт бойынша Алматы Орталық мешітінің жауапты наиб имамдары қасиетті рамазан айын халыққа толыққанды түсіндіру жұмыстары мен іс-шаралар жоспары бойынша есебін берді. Сонымен қатар ертеңгі ораза айт намазын өткізу бойынша мешіттерде қала имамдарына ораза айт мерекесін атап өту бойынша нұсқаулықтар көрсетілді.
«Күллі мұсылман әлемі асыға күтетін қасиетті де берекелі ай - рамазан айы да соңына жетті. Айлардың сұлтаны болған қасиетті айда жасаған игі істеріміз Жаратқанның құзырында сауаптарға жазылсын. Келесі рамазанға есендік пен саулықта, еліміз аман, жұртымыз тыныш жетуді Алла Тағала нәсіп етсін. Әумин», - деп атап өтті қаланың бас имамы Төлеби Оспан.
Алматы өкілдігінің баспасөз қызметі