QURBAN2021: Алматыда онлайн құрбан шалу акциясы басталды (ФОТО, ВИДЕО)
Бүгін, қасиетті Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні Алматы қаласында ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің бастамасымен іске асып жатқан «QURBAN-2021» онлайн қайырымдылық акциясы аясында Алматы қаласы өкілдігі онлайн құрбан шалу рәсімімен бастады.
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай, айт күндері "Адам баласы құрбан шалып, қан ағызудан басқа сүйікті іспен Алла Тағалаға жақындаған емес".
Елімізде жарияланған карантин режиміне орай биылғы Құрбан шалу рәсімі де қашықтықтан ұйымдастырылып, осы бағытта qurban2021.kz сайты іске қосылған болатын. Атап айтсақ, қашықтан онлайн құрбандық шалуға ниет білдіріп, аталған сайт арқылы мал түрін таңдап, ақшасын аударған жандардың шалған құрбандықтары, сайт арқылы өтінім берген мұқтаж отбасыларға жеткізілуде.
Бұл рәсім аясында Алматы қаласы бойынша әзірге 180 уақ мал (қой) құрбандыққа шалынып, 600-ден астам отбасыға құрбандық еттері үлестірілді.
Сондай-ақ, qurban2021.kz сайты арқылы құрбан шалуға тапсырыс берген жандарға құрбан шалу рәсімі барысынан видео есеп әзірленіп отыратын болмақ.
Осы орайда, арнайы жұмыс топтарына бөлінген Алматы мешіттерінің барлық қызметкерлері қауіпсіздік және сақтық шараларын сақтай отырып, Құрбан айтты – қуаныштың мерекесі болуына өз үлестерін қосатын болады.
Алла Тағала шалған құрбандықтарымыз бен ізгі ниет, дұға тілектерімізді қабыл етсін!
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі