НҰР-МҮБАРАК УНИВЕРСИТЕТІНЕ ПРОРЕКТОР ТАҒАЙЫНДАЛДЫ (ФОТО)
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында Нұр-Мүбарак ислам мәдениеті университеті Қамқоршылар кеңесінің кезекті тоғызыншы отырысы өтті.
Онлайн форматта өткен жиынға Қазақстан тарапынан Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, ал Мысыр Араб Республикасы тарапынан Уақыптар министрі шейх Усама әл-Әзһари, Мысыр мүфтиі Назир Аяд, сондай-ақ Қазақстанның осы елдегі Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Лама Шариф пен Қамқоршылар кеңесінің өзге де мүшелері қатысты.
Кеңес отырысында еліміздегі бірегей діни білім беретін Нұр-Мүбарак университетінің жаңа ректоры мен проректорын тағайындау, сонымен бірге білім ордасының жұмысын жетілдіру мен одан әрі дамыту жөнінде арнайы Комиссия құру жөнінде пікір алмасу болды. Алғашқы болып Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кеңесті ашып, сөз кезегін МАР Уақыптар министрі шейх Усама әл-Әзһариға берді. Мысыр министрі Нұр-Мүбарак университетінің екі ел арасындағы ынтымақтастық пен рухани байланыстың үлкен нышаны екенін айта келе, Мысыр тарапынан білім ордасына жаңа ректор Ахмад Хусейннің тағайындалғанын жеткізіп Қамқоршылар Кеңесінің мүшелері қолдауларын сұрады. Кеңес мүшелері қолдап, оң дауыс берді.
Ал өз кезегінде Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов Нұр-Мүбарак университетінде білім беру сапасын одан әрі дамыту және заманауи оқу бағдарламасын әзірлеу керектігіне назар аударды.
Бұдан кейін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Діни басқарма Нұр-Мүбарак университетінің құрылтайшысы ретінде Қамқоршылар кеңесіне Қазақстан тарапынан Нұр-Мүбарак университетінің проректоры лауазымына бұған дейін ҚМДБ Төраға орынбасары, наиб мүфти қызметін атқарған исламтанушы-ғалым, PhD доктор Ершат Ағыбайұлын ұсынып, Қамқоршылар Кеңесінің мүшелерінен қолдауларын сұрады. Кеңеске қатысушылар бұл ұсынысты оң дауыс беру арқылы қолдап, Ершат Ағыбайұлы 2024-2028 жылдар аралығы мерзімге Нұр-Мүбарак университетінің проректоры болып тағайындалды. Өз кезегінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы аталған білім ордасының бұрынғы ректоры Мұхаммед аш-Шаххат әл-Жинди және проректор қызметін атқарған Қайрат Құрманбаевтың еңбегін жоғары бағалайтынын айтып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.