АУДАН ИМАМДАРЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
Бүгін ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Алатау аудандық «Бекет ата» мешіті мен Жетісу аудандық «Әл-Мадина» мешіттеріне жаңа имамдар тағайындауы бойынша бұйрығы жамағатқа таныстырылды.
Жұма намазынан соң Төлеби Дәділұлы жамағатқа Бас мүфти бұйрығымен Алматы қаласы, Алатау аудандық «Бекет ата» мешітіне бас имам болып тағайындалған Ержан Есім Базарбайұлын таныстырды. Есім Ержан бұған дейін Алматы қаласы, Алатау ауданына қарасты «Қарасай батыр» мешітінің бас имамы қызметін атқарған.
Ал, бұған дейін аталмыш мешіттің бас имамы болған Садиев Амантай Әбілдаұлы Ақтөбе облысының бас имамы қызметіне ауысқан болатын. Оған алғыс хат беріліп, қазақи дәстүр бойынша иығына шапан жапты.
Сондай-ақ осындай бұйрықпен Жетісу аудандық «Әл-Мадина» мешітіне бас имам болып тағайындалған Әбдімажитов Мұхаммеджан Қыдырқожаұлы да таныстырылды. Осы мешітте бұған дейін ұзақ жылдар қызмет атқарған Бақытжан Жаңбырбайұлына алғыс хат беріліп, қазақи дәстүр бойынша иығына шапан жабылды.
Мешіт ақсақалдары ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға етіп, бата жасады. Жаңадан тағайындалған әріптестерімізге сәттілік тілейміз.
Алматы өкілдігі бойынша баспасөз қызметі