Наурызбай қажы Тағанұлы 423-пәтер кілтін ауыл имамына табыстады (ФОТО)
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі – пәтерге» қайырымдылық жобасы аясында 423-пәтер кілтін ауыл имамына табыстады. Бұл жолғы пәтер Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданы Үлгілімалшы ауылының имамы Әлімбек Батайға бұйырды.
Өскемен қаласындағы «Халифа Алтай» мешітінде өткен игі іс-шарада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Еліміздің, жеріміздің, дініміз бен дәстүріміздің игілігі жолында аянбай қызмет етіп келе жатқан дін қызметкерлері қашан да құрметке лайық. Имамдардың әлеуметтік мәселесі- менің басты назарымда. Өзін-өзі қаражатпен қамтамасыз ете алмайтын ауыл имамдарын қолдау мақсатында осы жолы Үлгілімалшы елдімекенінде 10 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан, осыған дейін пәтер жалдап жүрсе де діни қызметте белсенділік танытқан, көп баланың әкесі Әлімбек Батайға пәтер кілтін табыстап отырмыз. Алла үйіңізді берекеге толтырсын!» деді.