Бас мүфти жаңа мешіттің ашылуына қатысты (ФОТО)
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында ескі мешіт жанынан қайта жаңғыртып салынған «Мұхаммед-Нұр» құлшылық үйінің ашылу салтанатына қатысты.
Салтанатты ашылу шарасы Шымкент орталық мешітінің ұстазы Мейірбек қари Сәрсенбаевтың қасиетті Құран оқуымен басталды. Құран батасы жасалып, құттықтау сөзін алған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мешіт салудың, құлшылық етудің маңызына тоқталды.
«Тәуелсіздік – жалпы дүниеде теңдесі жоқ тәтті сөз. Бірақ оның оңайлықпен келмегені түсінікті. Күні кеше 31 мамыр күні қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алдық. «Төл шежіреміздегі қайғылы кезеңдерді ұлттық бірегейлігімізден бөле-жара қарау мүмкін емес. Сондықтан, біз саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етіп, есімдерін мәңгі есте сақтаймыз. Тарихтан тағылым алып, мұндай тауқымет ешқашан қайталанбауы үшін бәрін жасайтын боламыз» деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы. Тәуелсіздіктің арқасында елімізде мешіттер қайта бой көтеріп, дініміз мен дәстүріміз оралды. Салт санамыз қайта жаңғырды. Мешіт салудың дінімізде сауабы орасан. Қалтасында қаржысы бар адам емес, Алланың қалауымен мешіт салу бұйырады екен. Сондықтан осында мешіт сала алмадым деген ой мазалаған жандар болса, Алла Тағала осындай мешіт салудың сауабын Сіздерге де нәсіп етсін. Мұхаммед-Нұр есімі берілген қасиетті орын жамағаты көп, жақсылығы мол орынға айналсын» деді Бас мүфти.
Игі шара аясында Бас мүфти Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Сайрам тұрғын үй алабында орналасқан «Мұхаммед-Нұр» мешітінің имамы, «Шымкент» медресе-колледжінің түлегі қари Әбдіқадір Ураймжановқа қасиетті Құран Кәрім кітабын сыйлады. Кейін мешіттің құрылысына қолдау көрсеткен барша демеуші азаматтардың атынан Шамқатжан Қалмұрадов ақсақалымыз сөз алып, Бас мүфтидің қолдау білдіргеніне ризашлығын жеткізді.
Аталған іс-шараға Бас мүфтимен бірге ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Дәлелханұлы, ҚМДБ-ның «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Талғат Омаров және Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Абдрахманов қатысты.