НАИБ МҮФТИ ОРБИТА МЕШІТІНДЕ ЖҰМА УАҒЫЗЫН АЙТТЫ
ҚМДБ Төраға орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы бүгін Алматы қаласындағы "Орбита-3" мешітінде "Қоғамға жақсылық пен қайырымдылық жасау - әрбір мұсылманның міндеті және жауапкершілігі тақырыбында уағыз айтып, жұма намазын өткізді.
Наиб мүфти: "Асыл дініміз әрбір мұсылманға өзіне жүктелген құлшылық амалдарды орындаумен қатар, қоғамға пайда келтіретін, ізгі істер жасауды бұйырады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Кәһф» сүресі, 30-аятында:
إِنَّ الَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ إِنَّا لَا نُضِيعُ أَجْرَ مَنْ أَحْسَنَ عَمَلًا
«Расында иман келтіріп, ізгі іс істейтіндерге келсек, Біз көркем жақсылық істейтіндердің сауабын әсте зая етпейміз», – деп айтқан.
Қоғамға пайдалы іс жасаған адам ісінің жақсылығын өзгелер көрген сайын сауабын алады. Тіпті жақсылық жасаушы кісі дүниеден өтіп кетсе де, көзі тірісінде қоғам үшін жасаған ісінің сауабы артынан барып тұрады" деп, атап өтті.
Намаз соңында еліміздің амандығы үшін дұға жасалып, ата-баба рухына Құран бағышталды.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі