ҒҰЛАМАЛАР КЕҢЕСІНДЕ БІРҚАТАР ПӘТУАЛАР ҚАБЫЛДАНДЫ (ФОТО)
Алматы қаласында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің 40-шы мәжілісінде бірқатар пәтуалар қабылданды.
Атап айтқанда, «Қажылық визасынсыз заңсыз жолмен қажылыққа барудың үкімі», «Кешбэкті және дисконт карталарды қолдану үкімі», «P2Р саудасы (крипта арбитраж) үкімі» т.б. тақырыптарда әзірленген пәтуалардың мәтіні бекітілді. Бұдан бөлек бірнеше сұрақтардың жауабы берілді.
Кеңес жұмысында Бас мүфти: «Аллаға шүкір, Ғұламалар кеңесінің жұмысы жоғары деңгейде өтіп келеді. Соның нәтижесінде бірнеше қоғамға пайдалы, өзекті пәтуалар жарияланды. Тиісті концептуалды құжаттар қабылданды.
Соның тағы бір жемісі – өткен жолғы 39-шы кеңес жұмысында «Пәтуалар жинағы» кітабының 4-ші томын әзірлеп, жарияладық. Осы орайда еңбек етіп, атсалысқан баршаңызға тағы да Алла разы болсын деп, шынайы алғысымды білдіремін» деді.
Ғұламалар кеңесінде қабылданған пәтуалар мәтіні жуырда мүфтияттың ресми ақпарат құралдарында жарияланады.