Фоторепортаж: Қасиетті Қадір түні қалай өтті?
Кеше, Алматы Орталық мешітінде 2500 адам ауызашар дастарханынан дәм татып, 6 мыңға тарта жамағат таң рауандап атқанға дейін қасиетті Қадір түнін күтті.
ҚМДБ-ның Алматы қаласы бойынша өкіл имамы Еркінбек қари Керімбекұлы, ең алдымен, мың айдан қайырлы, Құран түскен Қадір түнінің сауабынан үміт етіп мешітке келген жамағатқа «қош келдіңіз» айтып, бұл түннің қадір-қасиетіне тоқталып өтті.
Алматы Орталық мешітіне арнайы ат басын бұрған жазушы Смағұл Елубай ағамыз да мешіт жамағатын Қадір түнімен құттықтап, тағылымды ойларымен бөлісті.
Сосын Тарауық намазы оқылып, елімізге танымал уағызшылар тәлімді уағыздарын айтты.
Арасында жамағаттың діни сауатын көтеретін түрлі викторыналық сұрақтар қойылып, белсенділік танытқандарға сыйлықтар берілді.
Рамазан бойы қала мешіттері білімпаздарының қатысуымен Орталық мешітте өтіп келген «Раббым! Білімімді арттыр!» атты интеллектуальдық білім бәйгесі мәресіне жетіп, жеңімпаздар марапатталды. Ал, Бас жүлде иегеріне «Достық Тревл» қажылық компаниясының атынан ұмра қажылығы сыйлыққа табыс етілді.
Одан кейін қариларымыз тамылжыта Құран оқып, жамағаттың құлақ құрышын қандырып, жан-сарайларын нұрға бөледі.
Соңғы дұғада өкіл имам Қадір түні жасаған амалдарымыз бен ниеттерімізді, тілектерімізді Алла Тағала қабыл етсін деп дұға етіп, ел-жұртымыздың амандығы мен тыныштығын сұрады.
Орталық мешітте күтілген биылғы Қадір түні осындай ерекшеліктерімен есте қалды.
Алланың елшісінің «Кімде кім Қадір түнінің мол сауабына сеніп, ықыласпен өткізсе, күнәлары кешіріледі» деген сүйінші хабарына амал еткен халықтың қарасы қалың болды.
Алматы Орталық мешітінен тікелей көрсетілім. Қасиетті Қадір түні 2019 (LIVE):