Бас мүфти «ҚҰНАНБАЙ ҚАЖЫ» мешітінің ашылуына қатысты (ФОТО)
Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында Ұлыстың ұлы күнімен тұспа-тұс келген жаңа мешіттің ашылуы рәсімі өтті. Игі шараға Семей өңіріне арнайы келген ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Абай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыров және жергілікті ақсақалдар қатысты.
Аудан орталығы Қарауылда ашылған жаңа мешіт «Құнанбай қажы» деген атауға ие болды. Құлшылық үйінің ашылуында сөз алған Бас мүфти тәлім мен тәрбиеге негізделген мешіттің мәнін көпшілікке жеткізіп, Құнанбай қажының парасат пайымына да тоқталып өтті.
«Біз үнемі Абайды биік дәрежеде айтып келеміз. Оның ақыл-парасат, данышпандық, ақындық қасиеті жоғары екенін білеміз. Абай әркез әділдікті қалады. Бірақ осы Абайдың биік дәрежеге жетуінде Әке мектебі тұрғанын ұмытпаған жөн. Бүгінгі абайтанушылар да осыны жиі айтып жүр. Өйткені жүз мектептің тәрбиесіне тең келетін Құнанбайдың қасиетін көріп өскен бала Абай ұлтына адал қызмет етті. Құнанбай болыс бола жүріп, мемлекеттік қызметпен қатар тәрбие ісіне де араласты. «Ескі там» деген жерде мектеп салғызды, кейін медресе, Қарқаралыда мешіт салдырды. Міне, Аллаға шүкір арғы бабаларымыздың есімін ерлік көріп, насихаттайтын кезге жеттік. Бұл Әуелі Алла, екінші Тәуелсіздігіміздің арқасы. Діни басқарманың құрылғанына 30 жыл және биылғы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында әр аймақтағы мешіттерімізге тарихи тұлғалар, дін жанашырлары, батырлардың есімін беруді ұйғарған едік. Міне «Құнанбай қажы» мешіті де бүгін есігін ашты. Құтты болсын. Іші жамағатқа толсын, жамағаты ауызбіршілікте болсын» деп ақжарма тілегін айтып, жаңа мешітке Діни басқарма атынан сый-сияпат табыстады.
Ашылу рәсімінде сөз алған Абай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыров құлшылық үйінің ашылуына мұрындық болған жергілікті демеуші азаматтарға аудан халқы атынан ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ Абай мерейтойы қарсаңында үлес қосқан бірнеше азаматты «ABAI» медалімен марапаттады. Оның ішінде арнайы төсбелгіге Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы да ие болды.
Құрылысы соңғы бір жылда қарқын алып, жергілікті кәсіпкер Думан Амантайұлының демеушілігімен аяқталған. Бұған дейін аудан халқы осы жердегі көне мешітте құлшылық жасап келген болатын. 500 адамға шақталған мешіт жанында Бөкенші баба ұрпақтары салдырған хатымхана бар.
Айта кетейік салтанатты шараға ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, Зекет және қайырымдылық қорының директоры Талғат Омаров қатысты.