Діни басқарма делегациясы Каирде тарихи мешіттерді аралады (ФОТО)
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы делегациясы Мысыр Араб Республикасының астанасы Каир қаласында орналасқан Сұлтан Бейбарыс, Қалауын Сұлтан сынды тарихи мешіттерді аралады. Мешіт қызметкері делегация мүшелеріне көне тарихтан сыр шертетін ғимараттар жайлы жан-жақты мәлімет берді.
Мысырдағы Мәмлүк елін құрған ықпалды тұлғалардың арасында Айбек, Құтыз, Байбарыспен бірге Қалауын аты жиі аталады.
Сұлтан Қалауын Ислам өркениеті мен Мысырдың дамуына үлкен үлес қосты. Ол Каирде зәулім медресе салдырды. Бұрын-соңды болмаған Каир ауруханасын тұрғызды. Сұлтан Қалауын мешіті ең көне ғимараттың бірі саналады. Мешітте ыстық ауаны салқын ауамен алмастыратын өздігінен жұмыс істейтін табиғи желдеткіш жүйесі бар. Ал мінбердегі имам дауысы өздігінен табиғи түрде ұлғаяды. Құрылыс пен сәулет өнерінің озық үлгілері көрініс тапқан мешітке келушілер саны жыл сайын артып келеді.
Айта кетерлігі, мешіт қабырғалары мен есік жақтауларында халқымыздың қошқар мүйізді оюы бейнеленген.