Бас мүфти мен облыс әкімі жаңа мешіттің іргетасын қалады (ФОТО)
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Атырау облысына барған жұмыс сапарында 500 орындық Қайтпай Сұлтан мешітінің іргетасын қалады. Салтанатты рәсімге Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов қатысты.
Игі іс-шараны ашқан Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Халқымызда: «Азаны бар ауыл азбайды», – деген нақыл бар. Мешіт – барша жақсылықтың тоғысқан құтты мекені. Бұл құлшылықтың ғана ордасы болып қалмай, рухани һәм мәдени-ағарту, бірлік пен берекенің ошағына айналады деген сенімдемін.
Жаңа мешіт, сонымен қатар, салт-дәстүріміздің, тағылымға толы тарихымыздың насихатшысы, әрі қайырымдылықтың орталығы болады.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің қасиетті хадис-шарифінде: «Алла Тағала мешітті жақсы көрген пендені жақсы көреді», – деген. Сіздер мешітті жақсы көргендіктен, Алла үйін тұрғызуға үлес қосып отырсыздар. Хақ Тағала мол сауаптан жазсын» деді.
Өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов те ізгі тілегін білдіріп, мешіттің қоғамда алар орнын айрықша атап өтті.
Айта кетсек, Атырау қаласы маңындағы Еркінқала селолық округінен бой көтеретін Қайтпай Сұлтан мешіті жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша салынбақ.
Құрылысы бір жылда аяқталатын мешіт қазақы нақышта салынады деп күтілуде.
500 орындық мешіт ішінде Құран оқу бөлмесі, ерлер және әйелдерге арналған намаз оқу залдары, дәрісханалар болады. Мешіт жанынан асхана, имам үйі салынбақ. Бүгінде Атырау облысында 34 мешіт жұмыс істейді.