Ғұламалар кеңесінің ХХІХ мәжілісі басталды (ФОТО)
Бүгін Атырау қаласында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Ғұламалар кеңесінің кезекті ХХІХ мәжілісі басталды.
Кеңес жұмысын ашқан Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Ғұламалар кеңесі шариғатымыздың негіздеріне сүйене отырып, қоғамда мұсылман қауымы арасында туындап отырған көкейкесті, түйткілді мәселелерді талқылап, дер кезінде шешімдер шығарып, пәтуалар мен концептуалды құжаттар қабылдайды.
Біз өткен жылы 14 пәтуа, 4 құжат, 4 ереже, ал онлайн режимде 11 мәлімдеме, 7 үндеу, 2 пәтуа қабылдадық. Пандемия кезінде әлемнің дін көшбасшыларын бір мезетте дұға жасауға үндедік. Карантин жағдайында намаз оқу, жерлеу рәсімдеріне қатысты пәтуа шығардық. Аллаға шүкір, жамағат пәтуаларымызға мойынсұнып, үндеуімізге үн қосты. Мұның бәрі Ғұламалар кеңесінің белсенді жұмысының нәтижесінде жүзеге асты. Ғұламаларымызға тағы да айрықша алғыс айтамын» деді.
Айта кетсек, Ғұламалар кеңесінің ХХІХ мәжілісінің күн тәртібінде 4 концептуалды құжат пен 5 пәтуа талқыланбақ. Атап айтқанда, «Үздіксіз білім беру» тұжырымдамасы, «Мұсылманның ғаламтордағы келбеті», «Исламдағы жастардың тұлғалық бейнесі», «Зекет жинау мәдениеті» сынды құжаттар мен «Екпе егу үкімі», «Төлем карталарын қолдану үкімі», «Сақтандыру қызметі үкімі», «Баланы қамқорлыққа алу үкімі» секілді пәтуалардың жобасы қаралып, қабылданбақ.
Кеңес жұмысы ертең де жалғасады.