Сейсенбі күні «Сұңқар» шаңғы трамплині кешеніндегі баспасөз орталығында Алматы қаласы Орталық мешітінің Бас имамы Еркінбек қари Шоқаев журналистермен жүздесіп, қасиетті Рамазан айының басталуына арналған баспасөз мәслихатын өткізді.
Баспасөз мәслихатына Алматы қаласы Орталық мешітінің наиб имамы Е.Әміре, шариғат мәселелері бойынша Алматы қаласы өкіл имамның кеңесшісі Б.Әлиұлы қатысты.
Алғашқы құттықтау сөз сөйлеген ҚМДБ-ның Алматы қаласы бойынша өкілі Еркінбек қари Керімбекұлы:
«Баршамызды оразаға аман-есен жеткізген құдіреті шексіз Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтау-мадақтар болсын!
Рамазан – тақуалық, береке мен бірлік, әрі мейірім мен жақсылық айы. Оразада жасалған әрбір жақсы амалдың сауабы еселеніп жазылады. Хадисте айтылғандай, «адам баласының барлық игі істерінің сауабы артады. Әрбір жақсылыққа он еседен жеті жүз есеге дейін сауап жазылады», - деп жалпы халықты сауапты істерге қызықтырды.
Сондай-ақ, баспасөз мәслихаты барысында төмендегідей қажетті ақпараттар айтылды:
Ғылыми зерттеулер мен шариғи мәтіндерге сүйене отырып, ҚМДБ ғұламалар кеңесі отандық астрономиялық зерттеу нәтижелерін негізге ала отырып Рамазан айының бірінші күні – 17 мамыр деп бекітті. Сондай-ақ, маусым айының 11-нен 12-не қараған түн – Қадір түні деп жарияланды. Айт мерекесі болжам бойынша 15-ші маусымға сәйкес келеді. Ал, еліміз бойынша пітір садақасы – 300 теңге.
Алматы қаласындағы 8 ауданның барлық мешіттерінде кешкі ауызашар дастархандары жайылып, ифтар таратылатын болады. Ал, Алматы Орталық мешітінде күнделікті 500 адамға дейін ауызашар дастарханын ұйымдастыру жоспарлануда.
Бүгінгі күнге дейін әрбір мешіттерде діни сауаттарын көтерген жамағатқа арналған «Раббым! Білімімді арттыр!» интеллектуалдық сайысы және «Умра кімге бұйырады?» сайыстары Орталық мешітте күнделікті (дүйсенбі, сейсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі күндері) аср намазы мен ақшам намаздарының ортасында өткізіліп отыратын болады.
Сонымен қатар, Алматы қаласындағы 49 мешітте тарауық намаздары өткізілсе, оның 45-інде тарауық намаздарында Құран Кәрім толықтай хатым етіледі.
Мешіттердегі тарауық намаздарының түнгі сағат 24.00-ге дейін жалғасып, кеш аяқталатын болғандықтан келуші жамағаттың үйлеріне қайту мәселесі ескеріліп, Алматы қаласы әкімінің қолдауымен қала бойынша 4 бағытқа (Саина көшесі, Алматы-1 теміржол бекеті, Талғар трассасы және Достық даңғылы бағыттарында) жүретін бағытты автобустар кестесі ағымдағы жылдың 16 мамыры мен 14 маусым аралығында әр кеште сағат 24:00-ге дейін созылады.
Рамазан бойы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен әрбір мешіттер мен жамағаттың қауіпсіздіктері ІІО қызметкерлерінің бақылауы күшейтіледі.
Журналистер тарапынан қойылған сауалдарға Ерсін Әміре және Бауыржан Әлиұлы секілді ғалымдарымыз жауап берді.
Алматы қаласы Орталық мешітінің баспасөз хатшысы